Депутаттар Үкіметтен бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзартуды сұрайды. Сондай-ақ олар елімізде «Отбасылық капитал» бағдарламасы іске қосылуы керек дейді. Яғни, көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға бір реттік жәрдем төленуі қажет дейді. 

Депуттар бүгін белсенді. Үш жарым сағатқа созылған кезекті Мәжіліс отырысында өткір-өткір депутаттық сауалдар жолдады. Олар қазынадан бөлінген қаражаттың тиісті жерге емес, желге ұшатынына наразы. Әсіресе, спортқа деп бөлінген миллиондаған ақшаның ақталмағанын сынады.

НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Қарапайым халық ішер ас, киер киімге жарымай жүргенде бюджеттің бүйірін теспей сорып отырған саладағы былықтар туралы. Ол спорт. «Спорт – денсаулық кепілі» дейміз әлімсақтан, бірақ Қазақстанның спортына бөлінетін қаражат денсаулықтың емес, бәзбіреулердің шексіз баюының кепіліндей көрінеді маған. Енді есепті қараңыздар, Қазақстан Жоғары жетістіктер спортына бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Мынау не масқара? Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сыя ма? Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп, 92 мемлекеттің ішінде 83-орын алды. Сонда 775 миллионға жеткен жетістігіміз осы ма?»

Ал, енді бір топ мәжілісмен балаларға 3 жасқа дейін жәрдемақы төлеуді ұзарту керек десе, депутат Гауһар Танашева Қазақстанда өзге шет елдегідей «отбасылық капитал» бағдарламасын енгізу керек дейді.

ГАУҺАР ТАНАШЕВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Айлық пен жәрдемақы мөлшерін көтеру, үй алу жолдарын қолжетімді жасау, демографияны көтеріп жатқан отбасылардың біразы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Халық саны туралы мәліметтерді салдыстыра отырып Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері 16 млн 20 млн. 32 жылда 4 млн өсті. Біздің ұсынысымыз отбасында төртінші бала туылғанда немесе ерекше бала болса 5 мың АҚШ доллары яғни 5 млн теңге көлемінде отбасылық капитал бағдарламасын іске қосу. Бұл капитал үш бағытта жұмсалады. Біріншісі үйсіз жүргендер басапаналы, екіншісі, білім ала алмай жүрген көпбалал отбасынан шыққан баланың арманы орындалады, үшіншісі бұл қаражатты ата-ана баласының еміне жұмсай алады. Бұл отбасылық капитал қай жағынан алсақ та ол отбасаға көмек бола алады».

Мәжілісмен Дәулет Мұқаев Парламентке өзімен бірге 5 папка арызды арқалай келіпті. Ол интернет алаяқтарға алданған халықтың базынасын парламент мінберінен жеткізді.

ДӘУЛЕТ МҰҚАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Бұған дейін қаржылық пирамидамен интернет алаяқтарға алданғандарды көп еститін едік, қазір «байытамын» деген байерлердің базынасын жиі естіп жүрміз. Бұл мәселе күннен күнге ушығуда. Алданған отбасылар жағдайы ауыр. Қаншама шаңырақ шайқалуға жақын. Бұл схема таза қаржылық пирамидаға ұқсайды. Мен әкелген папкада аударған шоттар көшірмесі бар. Мұндай папкадан үш пакет бар. Соның барлығын санасақ, 30 млрд асады. Ол деген кемінде 3 мектеп салатын ақша біздің елімізде».

Одан бөлек, депутаттар жүргізуші куәлігін алу тәртібін қатаңдату, боқауыз, дөрекі сөздері бар киноларға тиым салу сынды мәселелерді қозғады. Бұл айтылғандардың қаншалықты жүзеге асатынын уақыт көрсетеді.