Алматы әкімі Ерболат Досаев өзі басқаратын қала тұрғындарының мәдениетіне көңілі толмайды. Шаһар басшысы «Халық көшедегі мүлікке ұқыптылықпен қарамайды». Салдарынан жерүсті көпірлерінде орналасқан мүгедектерге арналған лифтілер жаппай істен шығып, сынып жатыр дейді. Оның үстіне экологиялық мәдениеттен жұрдай жандар нысанды қоқысқа толтырып, нағыз пайдалануға мұқтаж адамдардың қозғалысына кедергі келтіруде-мыс. Сондықтан, енді бұдан былай ондай мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифтілер Оңай картасы арқылы ғана жолжетімді болады. 

ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
«Жерүсті өткелдеріне қатысты айтар болсам, осы жылдан бастап 5 жерүсті көпірі жаңа стандарттарға сәйкес жаңғыртылады. Біз оны Оңай картасымен үйлестіруді көздеп отырмыз. Бірақ өзіңізге белгілі, біздің қала тұрғындарының мәдениеті көңілден шыға бермейді. Олардың аталмыш лифтілерді қандай орындарға айналдырып жіберетінін көріп жүрсіздер. Сол үшін біз шектеулер қоюға мәжбүрміз. Лифтілердің барлығы жөндеуден өткізіліп, осы жыл соңында пайдалануға беріледі»