Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатты. 40-тан аса жұмысшының өліміне әкелген бұл компанияның енді аты өзгеруі мүмкін. Себебі, қазіргі басшысы ауысса компанияның да атауын ауыстыру қажет екен. Бұл кен орнының ендігі аты жұмысшылармен ақылдаса отырып қойылады деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев үкімет отырысында. Бірақ, жұмысшылар да, жалақы да жұмыс тәртібі де өзгеріссіз қалмақ. Сонымен күллі елді қара жамылдырған бұл оқиғаға қатысты ендігі шешім қалай болады? Қаза тапқан кеншілер отбасына қандай көмек көрсетіледі? Толығарақ алдағы бейнематериалда.
Бір жылдың ішінде екі рет қазақ елі аза тұтты. Жазда Абай орманындағы алапат өртте қаншама шаңырақтың оты сөнді, енді міне жыл аяғында тағы қасірет. Апталдай азаматтардан айырылып, ту төмен түсті, аспан қара жамылды. Бейбіт күнде бірі әке, бірі ұл, бірі жарынан ажырады. Үкіметтің бүгінгі отырысы жұмысқа кетіп қайта оралмаған осы кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Қазір шахтадағы апаттан қаза тапқан 40 адамның жеке басы анықталған, қалған 6 кеншінің кім екенін тынып-білу мүмкін емес. Сондықтан, ДНҚ сараптамасы жүргізіледі. Алдағы 3-4 күнде барлық қаза болған жұмысшылардың толық тізімі жарияланады. Апаттан зардап шеккен 27 адам қазір ауруханада ем алып жатыр. Оның біреуінің жағдайы тым ауыр.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Өздеріңіз білетіндей, өрт болып, кеншілер қаза тапты. Қаншама адамның өмірін қиған апат қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Үкіметтің және өз атымнан қара жамылған отбасыларға қайғырып көңіл айтамыз».
Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастығы тоқтады. Орнына жаңа инвестор келеді. Алайда, ол шет елдік болмайды дейді жауапты министр. Аталмыш оқиға бойынша үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Бүгін белгілі болғаны бұдан бөлек, тағы 7 шағын комиссия құрылыпты. Мақсат апаттың себебін анықтау.
СЫРЫМ ШӘРІПХАНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: «Қазіргі уақытта ашық жану ошақтары жоқ, газдық жағдай қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізілуде. Аварияның себептерін тергеп-тексеру аясында Үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзылуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қираған.Қазіргі уақытта тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр».
Ал, үкімет басшысы Әлихан Смайылов болса, бұл – тікелей кәсіпорын басшысының кінәсі дейді.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте, кәсіпорын басшылығының кінәсі. Олар компания жұмысынан өздерін шеттетіп тастаған. Мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ».
Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде Қазақстан шахтасында 211 кенші қаза тауыпты. Елдегі ең алғашқы аза тұту күні де 2006 жылы Қарағанды облысындағы шахтада болған жантүршігерлік жарылыстан басталған. Ол кезде 41 кенші қайтыс болып, жеті жұмысшы жараланған еді. Күні кешегі Қазақстан тарихындағы 13-ші қаралы күн, кеншілердің қаза табуына байланысты жарияланды. Бұндай сұмдықтың тоқтар күні бар ма?