Енді қарызы бар азаматтарға лотерея ойнауға тиым салынады. Бүгін Мәжіліс ойын бизнесі мен адам саудасына қатысты заңға енген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Заң жобасын таныстырған Ішкі істер министрлігіне депутаттардың сауалы да көп болды. Жаңа құжатты сынағандар да табылды. Деседе, бірауыздан заң қабылданды. Толығырақ алдағы бейнематериалда. 

Ойын бизнесі мен адам саудасы туралы заң бүгін Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданып кетті. Жаңа құжатқа сәйкес енді қанау мақсатында ұрлап кетіп, салдарынан жәбір көрген адамдар және бас бостандығынан заңсыз айырылғандар мен еркінен тыс жезөкшеліктің құрбаны болғандар мемлекеттен өтемақы алуы мүмкін.  Осылай деп ішкі істер министрінің баяндама жасағаны сол еді, жаңа құжат бірден депутаттардың қатал сынына ілікті. 

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Қазір әртүрлі сайттарда жыныстық қызмет көрсету, адам ағзалары мен тіндерін сатып алу, сату, сондай-ақ балаларды заңсыз асырауға беру туралы жарнамаларды көруге болады. Заманауи технологияларды ескере отырып, мұндай чаттар шетелде де, бізде де ашылады. Мұнда республика азаматтары және шетелдіктер ұйымдастырушылар бола алады. Осыған байланысты бірнеше сұрағым бар. Осындай хабарландыруды бақылауды қашан қолға аласыздар? Мұндай жабық топтар қалай анықталады? Егер олар шетелде болса, осындай чаттарды ұйымдастырушылар қалай жауапқа тартылады? Заң жобасын қарасам, өте әлсіз, механизмдері аз. Осындай хабарламаларды қалай бақылайсыздар? Оларды ұйымдастырушылар қалай жауапқа тартылады? Өте әлсіз заң жобасы. Менің қолымда сіздің орынбасарыңыз Лепеханың жауабы. Мен сізден осыдан бір жыл бұрын нақты сұрақ қойдым? 2023 жылы осы бағытта бес-ақ қана полицей жауапқа тартылыпты. Егер мен өзім іске кірісіп, бұл ақпаратты жоққа шығарсам, жалған болып шығады ғой».

Депутаттың бұл сауалы министрдің шамына тигендей. Десе де, проблеманың өзекті екенін мойындады. Бірақ, алдағы уақытта мәселені шешу үшін тоқтаусыз еңбек етпек ниетте.Осылайша біртіндеп қылмысқа нөлдік төзімділік позициясын енгізбекші. Өйткені, бас полицей өзге де полицейлердің өз ісі мен антына адал екеніне бек сенімді. 

ЕРЖАН СӘДЕНОВ ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: «Сұрағыңызға рахмет деп айтпаймын. Орынды сұрақ. Ресурстар бойынша қараймыз. Сол бойынша біз осыны анықтаған кезде тоқсауыл қоямыз. Қылмыстық әрекеттері бар 6 мыңнан астам жарнамаға тоқсауыл қойдық. Біздің сұраққа қатысты 620. Бұл жұмысты ары қарай жүргіземіз. Расында да, өкінішке қарай әкімшіліктері, жетекшілері көбінесе шетелде отырады. Біз құқықтық көмек көрсетеміз. Дүние жүзінің 47 мемлекетімен келісімшартқа қол қойдық. Біз анықтасақ әрине, сұраныстарды жібереміз. Бұл жұмысты ары қарай ұйымдастыратын боламыз».

Енді бір топ депутат қыз алып қашу ол да қылмыспен пара пар деп санайды. Мәжілісменнің айтуынша бүгінде Қазақстан қыз алып қашу бойынша Эфиопиямен бірдей тұрған көрінеді. 

АНАС БАҚҚОЖАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Оны көбі қазақтың дәстүрі деп шатастырды. Өзіңіз білесіз, біздің қазақ құда түсіп, жөн-жоралғысын әдемі орындайтын халық. Бірақ осы экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты 90-жылдары ондай фактілер болды. Қателесетін шығармын, бірақ менің білуімше, қазір қызды алып қашу жоқтың-қасы деуге де болады. Себебі еліміз дамыған өркениетті елміз. Батыс мемлекеттеріне теңесеміз дейміз. Бірақ википедияға қараңызшы, википедияда қызды ұрлау мәселесінде Қазақстан Эфиопиямен бірдей тұр. Эфиопия қайда? Қазақстан қайда?»

Ішкі істер министрі бұрынғыдай емес қазір жастардың көзі ашық. Тек бірен саран факт кездеседі. Әлі де түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізетін боламыз дейді.