Есілдің тасыған суы Петропавлға жетті. Заречный кенті арқылы өтетін «Челябі-Новосібір» халықаралық маңыздағы жолдың учаскесін су шайды. Су басу қаупі бар қалған аудандарда да жағдай мәз емес.
ЗКТ: Заречный кентінің барлық тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылған. Қазір ол жерде күні-түні полицейлер мен ТЖ қызметкерлері кезекшілікте тұр. Жолдар жабылған. Ешкімге өтуге рұқсат жоқ. Былғары зауытын ауданында да жағдай мәз емес. Есілден келе жатқан судың ағысы қатты. Осыған байланысты 12-ші мектепте құрылған эвакуациялық пункт басқа жерге көшірілуі мүмкін. Ал ойқала ықшам ауданының тұрғындарына мамандар қауіпсіз жерге көшулері керек екенін хабарлап жүр.
САЯН АХМЕТЖАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАС МАМАНЫ
« Ойқала ықшам ауданында 1100-ден астам үй бар. Қазір барлығына эвакуацияға дайын болуы керек екендерін ескертіп жүрміз. Егер адамдардың барар жерлері болмаса 14 мектепте эвакуациялық пункт бар. Тасқын су облыс орталығына жетті. Сол себептен тұрғындар барлық жағдайға дайын болулары керек».