Ақмола облысына қарасты Есіл ауданында 21 отбасы жақын арада қоныс тойларын тойламақ. Облыс әкімі Марат Ахметжанов, көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге салтанатты түрде жекеменшік сектордан 3 бөлмелі үйдің кілттерін табыстады.
Көктемгі су тасқынынан зардап шеккендердің бірі – Қыстаубаевтар отбасы. Бұрын салынған үйінің ішіне, шамамен 60 см-ге дейін су көтерілген. Салдарынан үй де, ондағы мүлік те жарамсыз болып қалған. Бүгінгі таңда жаңа баспанының иесі болғаныма қуаныштымын,-дейді көпбалалы әке.
БӘРИ ҚЫСТАУБАЕВ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жаңа үйлерді көріп қуанып жатырмыз. Су тасқыны кезінде бәрі бізге қамқор болды. Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысым шексіз! Үйіміз жақсы, сыйлы, әдемі.Жаңа үйімізді биіктек жерге салды, соған қуанып жатырмыз».
Сондай-ақ, апатты деп танылған 40-қа жуық ескі үй сүрілмек. Ал,топан судан зардап шеккен 16 отбасына елдімекеннің кез-келген шағын ауданынан қалаған пәтерін алу мүмкіндігі беріліп, баспаналы болды. Баспана иелерімен кездескен облыс әкімі тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтады.
МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Біз осындай сын сағатта бәріміз бірігіп, осы су тасқынында болдық. Жаппай бір адамдай, бір ел болып бәріміз. Ауызбіршілік көрсетіп тасқынға тосқауыл қойып, бүгін міне жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз. Президенттің үндеуіне құлақ салып келіп осы міне жақсы бір көше салынды. Биыл бағдарлама өзгеріп жатыр. Енді осындай жаңа үйлерді салып, оны мұқтаж адамдарға табыстау бағдарламасы басталып жатыр.Осы жерге тағы да, тағы да қосымша үйлер салынады. Бұл жоспарымызда бар. Қаражат бөлінді».
Жалпы, аймақта 200-ге жуық отбасының зардап шеккен, жарамсыз деп танылған мүліктеріне арнайы өтемақы төленді.