Жақын арада Нью-Йоркте әуе таксилері пайда болмақ. Әзірге оның прототипі ғана дайын болған. Қазір ол алғаш рет қалалық жағдайда сынақтан өтіп жатыр. Электрлік ұшақты американдық Joby Aviation компаниясы жасаған.
Әуе такси ұшқыш пен төрт жолаушыны сыйдыра алады. Бір зарядта ол 240 шақырымға дейін ұшады. Максималды жылдамдығы сағатына 320 шақырым. Құрылғы тік ұшып көтерілу және қону жүйесімен жабдықталған. Ол тікұшақтан жүз есе тыныш жұмыс істейді. Пропеллерлердің дыбысы қарапайым қалалық көліктің шуымен бірдей.
ДЖОБЕН БЕВИРТ JOBY AVIATION ДИРЕКТОРЫ: «Әуе таксилерінің ерекшелігі оның тыныштығында. Бұл Нью-Йорк сияқты қалаларда көптеген тікұшақ айлақтарын орналастыруға болатынын білдіреді».
Әзірлеушілердің айтуынша, мұндай әуе таксиі жолаушыларды Манхэттеннен Кеннеди әуежайына 7 минутта жеткізе алады. Ал көлікпен бір сағаттан астам жол жүру керек.
ДЖОБЕН БЕВИРТ JOBY AVIATION ДИРЕКТОРЫ: «Мұндай рейстен кейін зарядтауға небәрі 5 минут кетеді. Бір топ жолаушыны түсіріп, екіншісін бортқа отырғызу үшін бірдей уақыт қажет».
Компания өзінің прототипін сынақтан өткізуге АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігінен рұқсат алды. Келесі қадам - коммерциялық тасымалдауға лицензия алу. Оларды 2025 жылы бастау жоспарлануда. Осы уақытта Нью-Йорк мэрі Манхэттендегі тікұшақ айлағында электрлік ұшақтарды қуаттайтын станциялар орнатылатынын хабарлады. Бұл әуе таксилерін пайдалануды жеңілдетеді. Joby Aviation компаниясының Калифорнияда зауыты бар. Олар болашақта Огайо штатында да нысан салады.