Солтүстік Қазақстан облысында «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Аққайың ауданында өткен қорғаныс іс-шарасында жер сілкінісі кезінде адамдарды эвакуациялау, апат болған аймақтарға көмекті тасымалдау, тізімге алу және жарақат алғандарға алғашқы медицианлық жәрдем беру әрекеті пысықталды.
 
Аталған қорғаныс іс-шарасы елімізде 3-4 маусым аралығында ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу жиыны басталысымен арнайы мамандар алдымен теміржол платформасында тактикалық-арнайы тиеу жұмыстарын жүргізді. Мақсат, төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ресурстар мен техниканы жедел жұмылдыру және осы бағытта мамандарды даярлау.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ – СҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Командалық-штабтық оқу-жаттығуы Смирнов ауылында өтіп жатыр. Жағдайға сәйкес облыстан Алматы қаласына арнайы күш пен керек-жарақ жөнелтілмек. Қазір тактикалық тиеу жұмыстарынан бөлек, деректерді пысықтау да басты назарда. Апат болған өңірлерге арнайы көмекті жіберуге сақатай сай болуымыз керек». 

ЕВГЕНИЙ ОСТЕРТАК СҚО АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Мұнда 14 арнайы топ құрылды. Құрамында 25 бірлік техника мен 52 адам бар. Инженерлік қызмет, байланыс, электр, қуат, транспорт, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары да кез-келген жағдайға дайын тұр. Яғни қандай да бір елді-мекенде жер сілкінісі бола қалған жағдайда біздің мамандар көмекке барады». 

Айта кеткен жөн, республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары еліміздің Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында ұйымдастырылуда.