Көкшетау қаласы Застанционный шағын ауданындағы шұрық-тесік жолдардан тұрғындар әбден мезі болған. Бірнеше жыл бойы қиындық көріп келе жатқандарын айтып шағымданды. Жөнделген орталық көшелердің өзінде үлкен шұңқырлар пайда болған. Мәселенің мән-жайын толығырақ тарқатсақ.
Тұрғындар шағын аудандағы жол мәселесін айтып әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Көлшіктермен көлкіген көшеге қоғамдық көлік тұрмақ, таксилердің өзі мұрындарын тыржитады екен. Жаңбырлы күндері оқушылардың мектепке жетулері мұң болып отыр.
ЗАСТАНЦИОННЫЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жолдардың сапасын өздеріңіз көріп тұрсыздар. Жаңбыр жауса бұл жерден өту тіпті мүмкін емес. Мен Ковалевский көшесінде тұрамын. Біздің үйдің жанында мектеп, дүкен және мешіт бар. Бірақ батпақ болған кезде жүру мүмкін емес».
ЗАСТАНЦИОННЫЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Жолдар осындай. Үлкен шұңқырлар пайда болды. Барлық жер батпақ. Жаз бойы жолдарды жөндеп жатыр. Бірақ әлі күнге дейін Ақан, Лиза Чайкина, Орталық көшелердегі жұмыс толық аяқталмады. Ешқандай өзгеріс жоқ. Қандай күйде болды солай қалды. Қала әкімі келіп көшелерді қараған. Әкімдіктегілердің есебі бойынша Застанционный шағын ауданына толығымен асфальт төселген. Бірақ тек екі көшені ғана қалыпқа келтірді».
Жауапты мамандардың айтуынша, Застанционный шағын ауданына 510 млн.теңгеге жуық қаражатқа конкурс өткізілген. Қазіргі таңда мердігерлік ұйыммен келісім-шарт жасалды.
ӘДІЛЕТ РАХЫМЖАНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Лиза Чайкина мен Қасым көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мичурин бойымен 600 метр жеріндегі жұмысты аяқтау қалды. Қазан айының соңына дейін аяқтаймыз. Станиславский, Лермонтов көшелерінде орташа жөндеу жүргіздік. Өткен жылы Тұмар көшесі қиыршық тастар төселген. Ол көше әлі жөнделмеді».
Бірнеше күн бұрын жедел жәрдем қызметінің 2 көлігі аталған шағын ауданның Тұмар көшесінде батып қалып, науқасты ауруханаға жеткізе алмаған. Оларға көмекке тіпті өрт сөндіру апаттық-құтқару машинасы да келген. Мамандар жолдың сапасына мердігер ұйым жауапты деп иек меңзеп отыр.Бірақ жауаптылар бұл мәселе бақылауға алынып, алдағы уақытта шешіледі деп сендірді.