Маңғыстауда көзі тірі небәрі екі соғыс ардагері қалды. Біреуі Василий Салазкин және Ольга Зарявняк. Екеуінің де жасы жүзге таяп қалды. Жеңіс күні оларды құттықтаушылар қатары көп болды. Әскери оркестр құрамы да майдангерлердің үйіне барды. 

Ольга Зарявняк үшін соғыс ауыр тақырып. Ол 17 жасында Польшаның Клещели қаласында партизан отрядында байланыс саласында болды.  Маңызды ақпаратты жеткізіп, жараланған сарбаздарға көмек те көрсетті. Окоптар қазуға, армияға азық-түлік жинауға, тіпті жауынгерлік қимылдарға қатысуға мәжбүр болды. Бүгінде 97 жастағы Ольга әжей соғыс жылдарын күні кеше өткендей жатқа біледі. Ардагер саналы ғұмырын тігін шебері болуға арнады. Өз қолымен тіккен кестелі бұйымдары үйінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

ОЛЬГА ЗАРЯВНЯК СОҒЫС АРДАГЕРІ «2015 жылы Украинадан Ақтауға қоныс аудардым. Менің отаным Қазақстан. Сұрапыл соғысты біз көрсек те, балалар көрмесін. Аш та болдық, жарқырап киінген де жоқпыз. Ыстық тамаққа зар болдық. Қазір ең керемет заман ғой. Ел тыныштығы бұзылмасын» 

Ал, екінші ардагер Василий Салазкин 98 жаста. 18 жасында майданға аттанған жеткіншек Қиыр Шығыста жаяу әскерде ерлік көрсеткен. Соғыс ардагері «II дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «1941-1945 жылдардағы соғыста Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Жуков» және басқа да медальдарымен марапатталған. Майданның ауыртпалығына қарамастан ол соғыстан кейінгі жылдары ел игілігіне қызмет етті.

ВАСИЛИЙ САЛАЗКИН СОҒЫС АРДАГЕРІ Соғыс туралы айтудың өзі ауыр. Ешқашан соғыс болмасын дегім келеді. Ел болашағының жарқын болуы үшін жастарымыз, жауынгерлеріміз еңбектенуі қажет. Бейбітшілік бен бірлігіміз нығая берсін. Жеңіс күні - ортақ мереке. Егемен еліміз дамып, гүлдене берсін»

Маңғыстаудан майданға 6200-дей адам аттанған. Оның 4200-і елге оралмады. Қазір өңірде көзі тірі екі соғыс ардагері, 451 тыл ардагері бар. Оларға тиісті әлеуметтік көмек көрсетілген.