Мектеп психологтарының жалақысы көтерілуі мүмкін. Бүгін сенаторлар мектептегі тікелей баламен жұмыс істейтін психолог мамандығының мәртебесін көтеріп, олардың еңбекақысын өсіруді сұрады. Депутаттық сауал үкімет басшысына жолданды. Одан бөлек, жоғарғы палата депутаттары көтерген өзекті мәслелер туралы алдағы бейнематериалда.
Мектеп психологтарының хәлі тым мүшкіл, себебі ол мамандыққа қоғам атүсті қарайды, не штат жоқ, не мардымды жалақы төленбейді. Сондықтан, сапалы мамандар жеке меншік клиникаларға кетіп жатыр. Мәселен, 20 жыл еңбек өтілі бар мектеп психологы қолына ай сайын 150 мың теңге жалақы алады. Бұл қаражатқа қай жыртығын жамайды деген сенат депутаттары нағыз балалармен жұмыс жасауға қажетті осы мамандыққа мәртебе берілуі керек дейді.
ҒАЛИАСҚАР САРЫБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Орта есеппен 1,5 мың бала оқитын мектептерде 60, ал 4500 және одан да көп оқушылары бар білім ошақтарында 170-тен көп сынып бар. Яғни, бір психолог 2000 оқушыға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсетуде. Психологтың үлкен жүктемесі болуына байланысты, нақты мұқтаж адамға көмек берілмей жатады. Ресми түрде 1987 жылы психолог штаттары мектептерге енгізілгенімен олардың заңды мәртебесі анықталмаған. Еңбек ақы төлеу жүйесінде олар қосымша мамандық ретінде анықталған. Психолог ерекше мамандық екенін ескере отырып, негізгі мамандар тізбесіне енгізуді ойластыру қажет».
Ал, сенат депутаты Қайрат Тастекеев болса жас ғалымдардың диссертациялық жұмыстарын бағалау крейтерине өзгеріс енгізу керек дейді. Себебі, көптеген отандық ғалымдарымыз өз еңбектерін халықаралық журналға мақала ретінде жариялауда қиындыққа тап болады екен. Соның салдарынан көз майын тауысып, неше жыл бойы жазған еңбегі зая кетіп, ғылыми жұмысын қорғай алмайды. Тіпті қажет болса жас ғалымдардың ғылыми мақаласын халықаралық журналдарда жариялауда мемлекет тарапынан гранттар берілуі қажет деген ұсыныс айтты.
ҚАЙРАТ ТАСТЕКЕЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Докторлар мен ізденушілер жұмыстарды жариялаудағы қиындық күшті бәсекелестік пен рецензияның қатаң талабына, сондай-ақ қаржы кедергісіне байланысты. Халықаралық базалар барлық ғылыми саланы бірдей қамти алмайды, бұл кейбір мамандандықтағы зерттеушілерді қолайсыз, өзгеше жағдайға душар етеді. Біздің ғалымдардың өсіп-өркендеуі жалғыз бағалауға байланысты болуы мүмкін емес. Ол халықаралық базада мамандандығы танымал емес немесе көпшілікті қызықтырмайтын адамдарға әділетсіз болып отыр. Бұл академиялық әділеттілік мәселесі».
Енді бір топ сенатор Қазақстанның экологиясына алаңдаулы. Еліміздің бірнеше қаласында ауа тым лас. Қатты қалдықтар сұрыпталмайды, ашық қоқыс палигондарында үйіліп жатыр. Оның барлығы ел азаматтарының денсаулығы мен өміріне кері әсерін тигізеді деген депутат Советбек Медебаев Қазақстан дамуы нашар мемлекет Зимбавбеден де артта қалды дейді.
СОВЕТБЕК МЕДЕБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Қауіпті қалдықтар мен қоқыстардың мөлшерін азайту мақсатында әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес экожүйе енгізу жолдарын қарастыру қажет. Қалдықтарды, оның ішінде құрылыс қалдықтарын жинауға арналмаған жерлерде заңсыз тасымалдау және шығару фактілерін анықтау мақсатында тексеру және өзге де шаралар жүргізу арқылы мемлекеттік бақылау шараларын күшейту қажет».
Сондықтан, экологияны жақсартудың бірден-бір жолы қалдықтар мен қоқыстарды дұрыс сұрыптау. Ол үшін тамақ және құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін инфрақұрылым құру қажет деді. Бүгін сенаторлар көтерген мәселелер қаншалықты өз шешімін табады ол енді уақыттың еншісінде.