"

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары барды. Онда Президент өндіріс орындарының жұмысымен танысты.

Президенттің өңірге жасаған жұмыс сапары  «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шойын құю зауытымен танысудан басталды. Аталған кәсіпорын өңірдің индустриялық аймағында орналасқан. Мемлекет басшысы жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын өндіріс орнын аралап көрді. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Гуртовой зауытта жылына 45 мың тонна шойын құймасы өндірілетінін айтты. Құны 78,2 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылды.Қасым-Жомарт Тоқаевқа шойын қорыту және қалыпқа құю, сондай-ақ бұйымды өңдеу секілді жұмыстардың толық процесі көрсетілді.Зауыт барлық заманауи талапқа сай келеді. Автоматтандыру және энергиялық тиімділік деңгейі жоғары болғандықтан, қоршаған ортаға әсері аз. Қазіргі уақытта мұнда 30 робот бар. Олар анағұрлым күрделі әрі ауыр технологиялық операцияларды орындайды. Мемлекет басшысы озық технологиялармен жабдықталған кәсіпорынға оң баға берді. Бұдан соң зауытта еңбек ететін отандық жас инженерлермен әңгімелесті.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев  KIA автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңына барды. Президентке құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталғаны туралы баяндалды. Жоспарға сәйкес, конвейерден алғашқы көлік сынақ режимінде келесі жылдың шілде айында шығарылады.KIA Qazaqstan бас директоры Ким Дэ Ки зауыт 2025 жылдың қазан айында іске қосылатынын жеткізді. Автокәсіпорын бастапқы кезеңде Sorento моделін шығаруды жоспарлап отыр. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған Sportage моделі құрастырылады. Кәсіпорында жаңадан 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мұнда өндірістің тиімділігін арттыруға әрі экологиялық тұрғыдан зиянсыз етуге бағытталған технологиялық шешімдер қолданылады. Автоматтандырылған заманауи кәсіпорынның дәнекерлеу желісінде, автокөлікті бояу және құрастыру жұмыстарына 70 робот пайдаланылады. Жобаның құны 200 миллион долларды құрайды, оның 80 пайызға жуығы тікелей шетелдік инвестицияның үлесінде.