Қымбат әуе билеті, тоз-тозы шыққан пойыз вагоны, жемқорлыққа белшеден батқан «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы. Бүгін Мәжілісте депутаттар осындай түйіткілді мәселелерді көтерді. Сонымен, ұшақ билеті қашан арзандайды, сапалы вагондар қашан жолға шығады? Ол жайлы толығырақ алдағы бейнематериалда.
Елдегі күнде жолаушылар тасымалдап жүрген пойыздардың жартысына жуығы тозған. Кестеден кешігетін, вагондары талапқа сай келмейтін, билеті қымбат соның өзіне қол жетпейтін темір жол қызметінің сапасы туралы мәселе бүгін Парламент мінберінде қайта көтерілді.
МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Айта-айта жақ талды. Сапа болса нөл. Совет заманынан қалған ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр. Темір жол вагонының 60% тоз-тозы шыққан. Министрлік 2030-ға дейін жабдықтаймыз дейді. Бірақ біздің ҚТЖ-ға бәрібір. Өйткені шекелері шалқып жүрген менеджерлерге мен айтайын Қазақстан темір жолының құны көк тиын. 26 жылда жарытпаған саланы 7 жылда жарылқайды дегенге жан баласы сенбейді. Өйткені айтатындары ертегі, аңыз. 2030-ға дейін қала вагондарының 80% тозып, екі қолымызды мұрнымызға тығып отырмасымызға кепілдік бере аласыз ба министр мырза? Терезесі ашылмайтын, кондицонерлері істемейтін, қабырғасында тарақандар жүретін ескі вагондардың өзіне жаз мезгілінде билет таппайсың. Бағаның өзі қымбат. Сөйте тұра билетті субсидиялауда жыл сайын сытырлатып миллиард санап береміз».
Бұл мәселеден көлік министрі де хабардар. ҚТЖ компаниясы биыл 50, келесі жылы 100 жаңа вагонмен толығады. Ал, 2025 жылдан бастап тіпті халық бұрын-соңды мінбеген заманауй, бар талапқа сай пойызбен қатынайтын болады деп сендірді. Ол үшін Еуропаның «мен» деген компаниясынан вагондар арнайы сатып алынбақ екен. Сондай-ақ депуттарды алаңдатқан тағы бір маңызды мәселе: ол ұшақ билетінің қымбаттығы.
АЙДОС САРЫМ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Атап айтқанда, адамдар төмен бюджетті әуе компаниясының билет бағасының күн сайын қымбаттап бара жатқанын айтады. Air Astana әуе компаниясының еншілесі Fly Arystan жолаушыларды қолжетімді бағамен қамту үшін құрылған еді. Сонымен қатар ішкі туризмді дамытуға негізделген болатын. Ал іс жүзінде лоукестер билеттерінің бағасы бас компания бағасымен теңесіп, жылдан жылға өсіп жатыр. Осындай баға масқара емес пе?»
МАРАТ ҚАРАБАЕВ ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ: «Мәселен, 2020, 2021 жылдармен салыстырғанда әуе тасымалына сұраныс 17%-ға өсті. Биыл 26%-ға өсіп отыр. Яғни сұраныс артып жатыр, ал ұсыныс оған төтеп бере алмай жатыр. Ол үшін ұшақтардың санын ұлғайту қажет. Былтыр 14 ұшақ сатып алынды, биыл жыл соңына дейін әуе компаниялары тағы 11 ұшақ алады. Нәтижесінде қазақстандық ұшақтарды саны 100-ге жетеді және ондағы орындықтардың саны 12 мыңнан 15 мыңға артады. Тағы 3 мың қосылады. Оған қоса 2024-2025 жылдары тағы 14 ұшақ сатып алу жоспарланып отыр».
Жақында құрылған көлік министрлігінің басшысы бұл мәселені назарға аламын деп уәде еткендей болды. Осылайша, депутаттар өз сауалына жауап алса, халық қалаулысы Бақытжан Базарбек жер мәселесіне қатысты сұрақ жолдаймын деп басы дауға қалды.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Егер жұмыс істей алмасаңыздар, министрмен қоса министрліктен қуып шығамыз. Аямаймыз»
ЕРЛАН ҚОШАНОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Құрметті, Бақытжан Жұмабекұлы! Бірінші кезекте депутаттық этика деген бар. Сіз қатты кетпеңіз! Агрессиясыз сөйлеңіз. Екіншіден, мен жақтап отырғаным жоқ. Қойып отырған сұрағыңыз дұрыс. 10 млн гектарға жуық жер қайтар.Бұл бірінші кезекте «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы. Енді оны әрі қарай бөлу кезінде әділ бөлініп жатыр ма, жоқ па, сол ғой сіздің сұрағыңыз. Ол ең алдымен жергілікті әкімдердің, екінші кезекте осы құзыретті органдардың мәселесі, солардың жауапкершілігі».
Ұлтымызды құртып жатқан екі тармақ: бірі –жемқорлық десе, енді бірі құмар ойын дейді мәжілісмендер, өйткені, суйцид жасайтындар да, қылмысқа баратындар да, ажырасатындар да осы – лодомандар. Сондықтан, бұл бизнесті түп тамырымен жоятын уақыт жетті дейді олар.
НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Бұл лудомания бір адамның тағдырын емес, тұтас отбасыларды бүлдіреді. Елімізде ажырасқан әр 10 отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан шыққан. Ал біз осымен қалай күресіп жатырмыз? Елімізде қоғамдық көліктің сыртын, тұрғын үйлердің қасбетін түгелдей құмар ойындардың жарнамасына бердік. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Биліктің енді не күтіп отырғаны түсініксіз».
Жемқорлық демекші, депутат Дәулет Мұқаев «7-20-25 мемлекеттік ипотекалық бағдарламаны» жемқорлықтың нақ ортасына айналды деп сынады.
ДӘУЛЕТ МҰҚАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Бүгін «7-20-25»-ке лимит ашылды. 5 минутта бітті де қалды. Оқырмандардан: «Бұл не деген сұмдық» деген хаттар келіп жатыр. «Менен банк менеджері 1 млн 400 мың сұрады», «Менен 700 мың теңге сұрады» деген хаттар жіберуде. Бұл қашан тоқтайды?»
ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
«Тағы басқа бағдарлама бойынша мемлекет қаражат бөліп жатыр. Бірақ сіз өзіңіз білесіз, барлық халықты баспанамен қамту оңай емес. Егер сізде уақыт болса, сізбен бірге отырып, барлық бағдарламаны бірге қарайық».
Үш сағаттан аса уақыт бойына мәжілісмендер өзекті мәселелерді көтеріп, үкімет мүшелеріне өткір сауалдарын жолдады. Бұл айтылғандардың нақты қашан және қалай іске асатыны ол уақыттың еншісіндегі дүние.