"
Оралда баспаналары апатты деп танылған тұрғындар 3 жылдан бері құр уәденің құрбаны болып жүр. Уақытша жаңа үйді сағалап жүрген бірнеше отбасын белгісіз біреулер қуып шықпақшы болған . Енді далада қаламыз ба деп қауіптенген тұрғындар кімнен көмек сұрарын білмей отыр.
Орал қаласындағы Әбубәкір Кердері 187 мекенжайында орналасқан апатты үй тұрғындары 3 жыл бұрын құрылыс компаниясымен келісім шарт жасалғанымен ескі үйді сүруге күрек ұшы да тимегенін айтады.. Шартқа сәйкес ескі үй толықтай сүріліп, орнына жаңасын салу көзделген.Келісілген мерзім өтіп кетсе де құрылыс баяғы жартас сол жартас кейпінде тұр.
ТАТЬЯНА ВАЛИАХМЕТОВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ «Келісім-шарт 3 жылға жасалды. Яғни 2023 жылдың 31 желтоқсан күні мерзімі өтті. Осы кезге дейін құр уәдемен қарын тойдырып келеді».
Пәтер иелерінің бірі тіпті далада қалатын түрі бар. Өйткені үйі кепілде болып шықты.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ «3 жылдың ішінде еш нәрсе өзгермеді. Бұдан бөлек, 26 желтоқсан күні бір әйел адам үйіме келіп, бұл пәтер кепілде екенін, 15 күн ішінде босатуым қажет екенін айтты. Көктемге дейін осында қалуға рұқсат берді. Содан кейін менің енді барар жерім жоқ».
Құрылыс компаниясы өкілдері жағдайды қаржылай қиындықтарға әкеліп тіреді. Қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізілуі де әсерін тигізгенімен,жұмыстар биыл қалпына келтіріледі,- дейді мердігер мекеме өкілі.
ЕСЕНЖАН ШОНАЕВ ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ «Қазір әкімдікпен бірге эскиздік жоба және қаланың бас жоспары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Апатты үйді әлі сүрген жоқ. Тұрғындар Құрманғазы 186, 198 мекенжайында орналасқан біздің пәтерлерде тұрып жатыр. Оларды ешкім қумайды. Бас жоспар бекітілген соң құрылыс басталады. Құрылыс жұмыстары жазда басталады деп көзделіп отыр. Барлығы қаражатқа байланысты».
Жауаптылардың сөзінше жаңа баспаналарына жайғасқанша тұрғындар уақытша пәтерде тегін тұра бермек. Тек коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп тұрса болғаны.