Оралда көпқабатты үйдің тұрғындары есік алдына салынып жатқан құрылысқа наразы. Абай даңғылы, 177 мекенжайында орналасқан үйді мекендеушілер бұған дейін осы мәселемен талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Ғимараттың іргетасы көктемде қаланып, бой түзей бастаған. Тұрғындар әкімдікке жүгінгенен кейін құрылыс тоқтап, бірнеше айдан кейін қайта жалғасқан.
Абай даңғылы, 177 мекенжайында орналасқан 64 пәтерлі үйдің тұрғындарын тұмсық астындағы құрылыс жөнінде ешкім хабардар етпеген. Құрылыс ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Тұрғын үй иелері осы мәселемен әкімдікке жүгінді. Содан соң құрылыс біраз уақыт тоқтап қалған. Артынша Сәулет және қала құрылысы басқармасы бұл мәселенің бақылауда екенін мәлімдеді. Бірақ бірнеше айдан кейін құрылыс жұмыстары қайта жалғасқан.
ВЕРА ШЕЛУХИНА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Әкім бізге құрлыс тоқтатылды деген болатын. Көріп тұрғандарыңыздай тұрғын үй әлі салынып жатыр. Біздің зейнеткерлерміз аяқ-асты жедел жәрдемге жүгіну керек болса олар бізге тар жолмен кіре алмай кедергіге тап болады ғой».
БОРИС ШАЙЫМОВ ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Басында құрылыс тоқтаған болатын. Кейін көп ұзамай қайта басталды. Біз шағым түсірмеген жер қалмады. Көп жерге аяқтай да бардық. Қандай да бір қиындық туындаса, тілсіз жау келе қалса, өрт сөндіру көлігі де өтпейді мына ортадан».
Енді екі қабатты ғимараттың құрылысы жалғаса береді екен. Айта кететін жайт, заңға сәйкес көпқабатты тұрғын үй мен салынып жатқан екі қабатты жеке ғимарат арасындағы ең аз арақашықтық кемінде 10 метр болуы керек.
МҰРАТБЕК ТАШЕНБАЕВ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Тұрғындардың өтініші бойынша біз құрылыс алаңын тексердік. Кейбір шарттар сақталмаған. Осы жер телімінің иесі құрылыс салушының өзі. Біз ол мердігермен тілдестік. Құрылыс жұмыстары тоқтатылған болатын. Алайда кәсіпкер біздің ескертуді қабылдамай, үстімізден сотқа арыз тастаған».
Егер жанайқайға құлақ аспаса тұрғындар әрі қарай барлық құзырлы органдарға хабарласып, жоғарғы сотқа шағымдануға бел буып отыр.