Пластикалық қалдықтар енді күрделі мәселеге емес баға жетпес ресурс көзіне айналуы мүмкін. Кениялық кәсіпкер Джеймс Муриту дәл осындай қорытындыға келді. Ол пластмассадан сұйық отын жасайтын шағын өңдеу зауытын салды.

Қалдықтар компаниялар мен жеке тұлғалардан сатып алынады. Пластмасса кірден тазартылып, ұсақталып, арнайы реакторға жіберіледі. Онда пиролиз процесі жүреді. Пластмасса 500 градустан аспайтын температурада қызып нәтижесінде ол сұйық және газ тәрізді компоненттерге ыдырайды. Осылайша, бір келі пластиктен 800 грамм синтетикалық отын алуға болады.Пиролизден кейін бензин немесе дизельді тазарту керек. Тек содан кейін ғана құюға болады.

ДЖЕЙМС МУРИТУ «PROGREEN INNOVATIONS LIMITED»  БАСШЫСЫ:
«Біз балама отынның екі түрін шығарамыз. Біріншісі - бензин. Оны жеңіл көліктерге  пайдалануға болады. Сонымен қатар шынжырлы араларға, шөп шабатын машиналарға және басқа да шағын жабдықтарға жарамды».

Зауыт синтетикалық дизель отынын да шығарады. Кәсіпкердің өзі оны жол талғамайтын көлігіне пайдаланады.Сарапшылардың айтуынша, пластиктің ыдырауы ондаған, тіпті жүздеген жылдарға созылуы мүмкін. БҰҰ деректері бойынша әлемде жыл сайын 400 миллион тонна пластик қалдықтары шығарылады. Соның тек 9 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Бұл табиғатқа зиянын тигізіп, атмосфераны ластайды. Бірақ пиролизбен бәрі басқаша болмақ.

НИКСОН ОТЬЕНО ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САРАПШЫ:«Уайымдауға негіз бар, пиролиз процесі зиянды газдар бөледі. Бірақ сіз пиролиз бен жану арасындағы айырмашылықты түсінуіңіз керек. Жану процесі ашық ауада, ал пиролиз жабық жүйеде жүреді. Бұл өз кезегінде улы газдардың көлемін азайтады».

Зауыт үш күнде 1000 литр отын шығаруға қауқарлы. Бірақ өнімдері әлі сатылымға шыққан жоқ. Компания бақылаушы органдардан лицензия алуы керек.