"
Алматы қаласындағы №207 мектеп-лицейінің кітапханасында 4-7 сынып оқушыларының қатысуымен "Республикам – мақтанышым!" атты танымдық-шығармашылық іс-шара ұйымдастырылды. Кездесу барысында оқушылар Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін ортаға салып, туған елге деген сүйіспеншіліктерін шығармашылық жұмыстар арқылы жеткізді.
2026 жылғы 19 қазанда өткен іс-шараны мектеп-лицейдің кітапхана меңгерушісі Э. С. Жамаубаева ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты – оқушыларға Республика күнінің тарихи маңызын түсіндіру, ел тарихы мен ұлттық құндылықтар туралы білімдерін кеңейту, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру.
Іс-шараның ашылуында мектеп-лицей директоры А. С. Елеманова оқушыларды 25 қазан – Республика күні мерекесімен құттықтап, бұл күннің ел тарихындағы орнына тоқталды. Ол туған жерді құрметтеу, Қазақстанның тарихын білу және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Бағдарлама аясында "Менің елім – Қазақстаным!" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Қазақстан тарихы, туған жер, мемлекеттік рәміздер, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр туралы әдебиеттер қойылып, оқушыларға таныстырылды.
Шараның мазмұнды бөлімдерінің бірі – мектептің жас тілшісінің оқушылармен жүргізген сұхбаты болды. Сұхбат барысында оқушылар өздері дайындаған шығармашылық жұмыстарын таныстырып, Қазақстанға деген сүйіспеншіліктері мен ел болашағына қатысты ойларын бөлісті.
Кездесу соңында кітап көрмесіне шолу жасалып, оқушылардың шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Танымдық іс-шара жас ұрпақтың ел тарихына қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге бағытталды.
25 қазан – Республика күні құтты болсын!
