"

«Семей орманы» филиалының директоры бір топ қызметкерімен бірге ұсталды. Оларға «орманды заңсыз отады, ағаштарды заңсыз ұрлады» деген айып тағылып отыр. Құқық қорғау органдары тінту кезінде қылмысқа қатысы бар азаматтардан кесілген ағаштар мен станок және үлкен сомада ақша тәркілеген. Қазіргі уақытта олардың барлығы дерлік уақытша ұстау изоляторына қамалды деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі. 

ҚУАНДЫҚ АЛПЫС ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ «Абай облысының аумағында ІІМ және ҰҚК жедел уәкілдері прокуратураның үйлестіруімен “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалдарының бірінің директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойды. Орманды жымқырды деген күдікпен полицияға 20-дан астам адам жеткізілді. Тінту жүргізіліп, ұрланған ағаштардың ондаған текше метрі, ағаш өңдеу станоктары, ақша және құжаттар тәркіленді. Филиал директоры мен қылмысқа қатысушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ күдіктілердің лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, мүлікті жымқыру фактілеріне қатысы бар-жоғы тексеріледі. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр».

Айта кетейік, бұл жалғыз және алғашқы қылмыстық факт емес. Биыл қаңтар айында Павлодар облысындағы "Ертіс орманы" мемлекеттік мекемесінің директоры бір топ қызметкерімен бірлесе құрған қылмыстық топ ұсталған болатын. Күдіктілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету, мүше болу фактілері бойынша іс қазір тергелуде.