Арал өңіріне жұмыс сапарымен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келді. Ол Арал ауданында орналасқан «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйесінің жай-күйімен танысты. Әрі Аралдың мәселесін де қозғай кетті.
Министр Арал өңіріне ат басын бұрды дегенді жұрты көптен күткен бе, кездесуге келген халық қарасы көп. Олардың көкейлерінде тек су жайы ғана емес, шаруаларын баяулатқан мәселелер де жиналып қалыпты. Әйтеуір қойылған сұрақ жауапсыз қалмады.
Тұрғындар көтерген сауалдар қатарында көпір де, жол да, су да бар. Әсіресе Аралдың жайы барша қазақстандықты алаңдатады. Бірақ министр бұл мәселеге саспады. Айутынша, ай санап ондағы су деңгейі көбейіп келеді екен.
Нұржан Нұржігітов ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
«Ең үлкен проблема Арал теңізінде су деңгейін көтеру. Сол туралы тоқталып кеттік. Соңғы 2 жыл ішінде келісімсөздер аясында Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерімен судың көлемі ұлғайып келеді. Биыл қыста 1 млрд 300 млн текше метр су кірсе, 3 жарым ай ішінде 400 млн текше метр су бердік. Жыл соңына дейін 2 млрд-қа жеткіземіз бе деген жоспар бар. Себебі тұрғындар сұрауы осы мәселе.»
Кездесуде сонымен қатар Арал ауданындағы «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйелерін суландыру жайы да қозғалды. Бүгінде бұл мақсатта «Аманөткел» ауылының тұсына су торабын салу» жобасы әзірленіп, мемсараптауға ұсынылды.