"

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы әлеуметтік нысандарды аралап көру барысында отбасылық SANA Sport орталығында болды.  Мұнда спорт, шығармашылық, білім бағыттары бойынша 29 үйірме жұмыс істейді. Сондай-ақ 29 жаттықтырушы және 25 жоғары білікті педагог еңбек етеді. 

Мемлекет басшысына «Damu Development Group» консорциумы жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалар жөнінде мәлімет беріліп, SANA Sport кешені аумағындағы саябақты қайта жаңғырту жоспары таныстырылды.Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтағы спорт залдарын, шығармашылық үйірме бөлмелері мен оқу кабинеттерін аралап көрді. Сонымен қатар үйірмеге шеберлік дәрісін өткізуге келген шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Айару Алтынбекке сыйлық табыстап, сәттілік тіледі. Жас шахматшы бұған дейін Президентке хат жазып, кездесу жайында өтінішін жеткізген еді. Бүгін жүздесудің сәті түсті.Кешенде 4 мыңнан астам баланың қосымша білім алуына жағдай жасалған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан жеткіншектердің үйірмелерге қатысуына «Мереке» қайырымдылық қоры қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы жаңа корпустың құрылыс барысымен танысты. Нысан биыл тамыз айында пайдалануға беріледі.Ғимараттың жалпы ауданы 58 мың шаршы метрден асады. Мұндағы стационар 210 төсек-орынға есептелген. Оның ішінде 24 орын анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімдеріне, 150 орын күндізгі стационарға арналған. Жоспарға сәйкес бұл ауруханада жыл сайын 6 мың науқас емделе алады.Президентке жаңа корпуста қатерлі ісіктерді диагностика жасауға және емдеуге қатысты әлемдік бірегей технологиялар шоғырланатыны жөнінде мәлімет берілді. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен білім беру тәжірибелерін жүзеге асыруға жағдай жасалады.Жаңа корпус ашылғаннан кейін бұл орталық онкологиялық көмек көрсету бойынша интеграцияланған модель құру ісінде ұлттық үйлестірушіге айналады. Аталған бастамада денсаулық сақтау жүйесіндегі алғашқы буыннан бастап онкологиялық ауруларды емдеуге маманданған барлық медициналық мекеме қамтылады.Сонымен қатар стационарда бас және мойын онкологиясы, торакальды және абдоминальды онкология, онкоурология, маммология, онкогинекология, остеоонкология және онкогематология орталықтарын ашу қарастырылған.