2023 жылдың қыркүйегінде ҚР Премьер-Министрі 2023-2025 жылға арналған қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру жөніндегі жол картасын бекітті. Ондағы негізгі мәселенің бірі - сотталғандарды жұмыспен қамту.
№48 түзету мекемесінде 10 кәсіпорын сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр. Оның үшеуі жауапкершілігі шектеулі серіктестік болса, жетеуі жеке кәсіпкерлік. Солардың бірі ағаш өңдеумен айналысатын «Құрманкин» жеке кәсіпкерлігі.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН «ҚҰРМАНКИН» ЖК ЖЕТЕКШІСІ «Қаладан аштым алдымен цехты. Ол жерде басты мәселе жұмыс күші болды. Жұмысшы тапшы болған соң, осы мәселені шешу жолын қарастырдық. Алдымен әлеуметтік қамту басқармасына жүгіндім. Одан шешім шықпаған соң, қылмыстық атқару департаментіне жүгініп, олар маған цехты өндіріс орнын осы жерден ашуға ұсыныс жасады».
Кәсіпкер ұсынысты бірден қабыл алып, шілде айында жұмысқа кіріскен. Бастапқыда цехте тек 3 адам жұмыс істеген екен. Қазір 15 сотталушыны жұмыспен қамтып отыр.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН «ҚҰРМАНКИН» ЖК ЖЕТЕКШІСІ «Қазір біз тек ағашты өңдеп қана қоймай, поддон жасауды қолға алдық. Өнімді ел арасында өткізіп жатырмыз. Осыған дейін Астана, Алматы, Шымкент, Атырау қалаларына жібердік. Облыс ішіндегі кәсіпорындарды да поддлонмен қамтып жатырмыз».
Қазір сотталушылар кәсіпорында күніне 8 сағат еңбек етеді. Болашақта цех тағы кеңейтілмек, оған түзету мекемесінен арнайы орын да дайындалып жатыр. Мамандардың айтуынша сотталушылар бұдан бөлек ат әбзелдерін, ағаш және былғары бұйымдарды, металл конструкцияларын, монша бұйымдарын, жұмсақ ойыншықтарды, тротуар плиталарын дайындаумен, сондай-ақ, жұмсақ жиһаз жинау, ашытылған сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. Сотталдарғандарды жұмыспен қамту үшін ҚАЖД, облыс әкімдігі және шағын бизнес өкілдері жиі жиын өткізеді. Тіпті бірнеше жоба қолға алынған.
ВИТАЛИЙ АЛЕКСЕЕВ СҚО БОЙЫНША ҚАЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Облыстағы түзету мекелеріндегі 1160 адамның 634-і жұмысқа орналастырылды. Ал №48 мекемеде 186 адам жұмыспен қамтылған. Бұл сотталушылардың 44 пайызын құрайды».
Бүгінде облыста қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты 5 түзеу мекемесі жұміс істейді. Оның үшеуі Петропавл қаласында орналасқан. Қазір қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру жөніндегі жол картасы аясында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Түзету мекемелерінде жұмыспен қамтудан бөлек, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру, тұрмыстық жағдайды жақсарту қолға алынған.
АЛМАС ЖАЛМАҒАМБЕТОВ ОБЛЫС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ «Сотталғандар үшін қосымша жұмыс орындарын құру мақсатында мекемелерде өндірісті кеңейту үшін модульдік құрылымдардың жобалары әзірленді. Қазір қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Кәсіпкерлермен кездесіп, оларға қылмыстық-атқару жүйелері мекемелерінде бизнесті дамытудың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндіру жұмыстары да жүргізілді».
Сондай-ақ, облыста сотталғандардың қауіпсіздігін қамтамассыз ету үшін барлық мекемелерде электронды шағым түсіретін 25 терминал және 2500 бейнебақылау камерасы орнатылды.