Бұдан былай Міндетті әлеуметтік медициналық жарнаны төлемегендер көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін. Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осындай ұсыныс айтты. Себебі, 3 миллионға жуық адам жүйеге қосылмай отырған көрінеді. Қайта олардың 800 мыңдайының жағдайы жақсы, үйлі, күйлі қалтасында қаражаты бар адамдар дейді. Сондықтан, министрлік осындай қадамға баруға мәжбүрміз деп отыр.

МӘМС жүйесіне қатысты сауал Парламентте 3 сағаттан артық қызу талқыланды. Депутаттардың өткір сауалдары да көп болды. 

Отандық медицина оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты халықтың шағымы да сауалы да көп. Бүгін депутаттар ел азаматтары сапалы қызметті ала алмайды, қалаған маманына, қалаған уақытында ем алуға бара алмайды қысқасы, халықтың медицинаға көңілі толмайды деді.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Биыл өз басымнан өткен оқиғаны қараңыз. Ауырып терапевтке жазылдым. Ол онкологқа жіберді. Онокологқа кезек күтіп бардым. Ол анализ тапсыру керек деді. Анализ тапсыруға рұқсат қағазды тек терапевт береді екен. Қайтадан терапевтке жазылдым. Одан жолдама алдым. Сөйтіп онкологқа қайтадан бардым. Ол облыстық ауруханаға жіберді. Ол жаққа тағы жазылдым. Қосымша анализ тапсыру керегін айтты. Оған да жолдаманы терапевт береді екен. Қайтадан жазылып, терапевтке бардым. Одан жолдама алып, облыстық ауруханаға бардым. Сөйтіп үш ай жүрдім. Сол үш айда жынданып кете жаздадым. Маған келген оқырманның хаты осы».

Осы сарында халықтан депутаттарға арыз-шағым көп келетін көрінеді. Өзі ауырып тұрған адам апталап, терапавті күтеміз деп, ауруын ұмытып кететін жағдайға жетті деген олар, министрден бұл мәселені бір жақты етіп шешуді талап етеді.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Шектік» шкала азаматтарымыздың бейін бойынша мамандарға көріну үшін де қиындық əкелді. Ауруханаға келген науқасқа «шектік» шкала шеңберінде осы айда ақша таусылды деп, келесі айларды күту керек» деп түсіндіру де нонсенс. Соның салдарынан халық тарапынан шағым көп түседі. Науқастар бір ай терапевтті күтеді, кейін тағы бір ай бейін бойынша дəрігерді, одан кейін тағы да терапевтке жазылып оны тағы да күтуге мəжбүр. Сөйтіп жүріп, өз қалталарынан төлеп емделеді»

МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Шұғыл ота жасайтын орталық емханаларға қаржыландыру уақытында түсуі керек. Оны көбейту керек. Біз күніне қанша адам жол-көлік апатына түсетінін білмейміз ғой? Бір адам жол-көлік оқиғасына түсті, аяғы, қолы сынып, бас-ми жарақатын алды делік. Бірақ сақтандыру бір сүйекке ғана ақша төлейді. Қалған ақшаны өз қалтасынан шығарады. Сөйтіп қазір ауруханалардың кредиттік берешегі миллиардтан асып кетіп жатыр. «Шектік» шкаланы қай данышпан ойлап тапқанын білмеймін. Мен өз-өзіме болжам жасай алмаймын. «Давлением» үш күннен кейін әлде төрт күннен кейін көтеріле ме? Ішім бір аптадан кейін өте ме? Сіздер қанша адам ем алуы керегін, қанша апат болатынын, бір аптадан кейін қанша адам ауыратынын, бір айдан кейін қанша адам ауыратынын болжап отыратын не деген әулие екендеріңізді білмеймін»

АЖАР ҒИНИЯТ ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

«Егер біздің тариф төмен болса, қаржы аз болса қалай болмақ. Қымбат оборудование алады, мед пункт салады. Әр теңге халыққа қызметке жүктелген. Әрбір теңге бар теңге жетпей жатыр. Әр пациентке жету керек».

Одан бөлек, депутаттар дәріхана мәселесін көтерді. Дәріхана қып-қызыл бизнеске айналып кетті деген олар, ойына келген бағаны қоятын кәсіпкерлерді тиятын уақыт жетті деп санайды.

ДӘУЛЕТ МҰҚАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Сонда мұны кім реттейді? Кім бағалайды?Ойына келген бағасын қоя бере ме? Әлеуметтік дәрілердің тізімін білейік, халық білсін. Мен бұған дейін айтқан үш дәріхананың арақашықтығы шамамен 10-15 метрден ғана екенін айтты. Бірақ баға әртүрлі. Бұл қашанға дейін жалғаса береді. Осы мәселені қолға алу керек. Тексеріс керек. Дәріхананың бәрі үлкен бизнеске айналып кеткен. Кейде Астанада тұрғын үй кешенінен азық-түлік дүкенін таппаймыз. Бірақ дәріхана табамыз».

Сондай-ақ, депутаттар сақтандыру қорында жемқорлықтың барын айтты. Олар келтірген дерекке сенсек, бүгінге дейін «марқұм» болып кеткендердің өзі медициналық көмек алып келген. Мұндай бассыздықпен прокуратура органдары жедел күреспесе, мемлекеттің медицина саласы құрдымға кетеді дейді олар.