"
Халықты төтенше жағдайдан қорғай алмағандар енді жауапқа тартылады. Бұл туралы бүгін Үкіметте су тасқынының себеп-салдарын талқылаған отырыста Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты. Биылғы су тасқыны барлығымызға сабақ болды деген еліміздің бас құтқарушысы, алда 20 өңірге 20 тікұшақ сатып алмақшы. Айтуынша, егер техникамен толық жабдықталса, мұндай табиғи апаттың алдын оңай алуға болады-мыс.Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналистер Үкімет басшысының орынбасаранын тікелей осы салаға жауапты төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов неге орынынан алынбады деп сұрақ қойды.
Халықты әбден әбігерге түсіріп, мазасын қашырған көктемгі су тасқыны шенеуніктерге расымен-ақ сабақ болғандай-ақ. Алдын ала деректер бойынша, табиғи апаттан шамамен 300 млрд теңге шығын келген. 34 мыңнан астам азамат біржолғы төлем алыпты.
ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
«Құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылау мақсатында әр өңірдегі құрылыс алаңдарына министрліктің және су тасқынынан зардап шекпеген өңірлердің қызметкерлері іссапарға жіберілді. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік көмек» ақпараттық жүйесі залалды өтеу бойынша өтініштерді қабылдау және өңдеу процесін ұйымдастыруына елеулі үлесін қосты. Цифрлық даму министрлігі мобильдік қосымшалар арқылы залалды өтеу өтінішін беруді қысқа уақытта ұйымдастырып, тиісті құжаттар болмаған жағдайдың өзінде өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды».
Тасқыннан ел өңірлерінде 40 мектеп, 200-ден аса жол учаскесі, 3000-ға жуық үй зардап шекті. Бүгінде олар толық қалпына келтіріліп, халық баспанамен қамтамасыз етілді. Енді осы айдың соңына дейін 38 үй салынып бітеді. Сонда ел азаматтары түгелдей үймен қамтамасыз етіледі деді үкіметтегілер. Төтенше жағдайлар министрі апат кезінде техника жетіспегені аса қатты қиындық туғызғанын жеткізді.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
«Тартылған техниканың басым бөлігі сапасыз әрі ұзақ мерзімді жұмыстарды жүргізуге жарамсыз болатын. Осыған байланысты, көптеген күштер мен құралдарды теміржол эшелондарымен және әуе кемелерімен жөнелту жүргізілді. Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендердің арнасынан асып тасуына байланысты Қорғаныс министрлігінің понтон көпірлерін орнату талап етілді. Бұл халықты дер кезінде эвакуациялауды, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуді қамтамасыз ету мүмкіндігін берді. Зардап шеккен аймақтардың тасқын судың көлемі мен олардың салдарына дайын еместігі аңғарылды, ондағы бірлескен іс-қимылдардыұйымдастыру мен үйлестіру әлсіз жүргізілді».
Енді осы олқылықтың орынын толтыру үшін жауапты ведмвство елдің ір өңіріне бір-бір тікұшақ сатып алып қоймақшы. Оған ұшқыштар арнайы оқытылатын болады. Қаржы министрлігі бюджеттен бұл мақсатқа қаржы да тауып, бөліп қойған.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
«Қазір біз лизинг арқылы 3 Ми-8 АМТ тікұшағын және 4 Ка-32 тікұшағын аламыз. Осылайша, тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші рет L-410 атты 4 Чехия ұшағын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Оларды батыс, шығыс, солтүстік және оңтүстікке қоямыз. Соның арқасында тапсырмаларды орындаймыз деп ойлаймын. Нәтижесінде деңгейіміз өседі».
Айтпақшы, үкімет отырысынан соң брифингте журналистер үкімет басшысының орынбасарынан тікелей осы салаға жауапты төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов неге орынынан алынбады деп сұрақ қойды. Қанат Бозымбаев әріптесін былайша қорғады.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІНІҢ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Су басқан уақытқа дайынбыз деген болатын. Бұл кісі министр болған кезде дайынбыз деді. Облыс басшылығы жауапкершілікке тартылған уақытта неге жауапкершілікке тартылмады? Толығымен пікіріңізіге қосылмаймын. Бұл кісінің министрлігі өз шеңберін көрсетті. Күні-түні жаяу бөгеттерді аралап, кісілерді құтқарып, өз құзіретіне жататын жұмысты толық атқарды».
Егер жоғарыда аталған техникалар сатып алынып, құтқарушылардың әлеуметтік жағдайы жақсаратын болса, табиғи апатпен күресуге сақадай-сай дайынбыз деп төтеншеліктер тағы да халыққа өз уәдесін берді.