Қазақстанда алғаш рет Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында жоғары технологиялы қашықтан басқарылатын роботтандырылған хирургиялық жүйені қолдана отырып ота жасалды.Ота барысында қатерлі ісікті алып тастауға бағытталған, органдарды сақтайтын парциальды бүйрек резекциясы жасалды.Бұл тәсіл ағзаның фунуционалды белсенділігін сақтау және операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу мақсатында қолданылды.
БАҚЫТЖАН ОНҒАРБАЕВ, ҚАЗОЖРҒЗИ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЛИНИКАЛЫҚ ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: «Бүгін Қазақстанда алғаш рет енгізіліп отырған нөлдік хирургия бойынша қытайлық әріптестерімізбен бірлескен шеберлік сабағымыз басталады. Бұл операциялар Астана онкология және радиология институты мен Пекин медицина университетінің ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Бүгінгі жоспарда – қашықтан басқарылатын роботтық хирургияның бір түрі – операция жасайтын хирург қашықтықта, яғни оның операциялық бөлмесі Пекин қаласында, Қытай Халық Республикасының аумағында орналасқан. Профессорға бүгін екі ассистент көмектеседі. Бүгінгі операция жасалатын науқасқа бүйрек ауруы диагнозы қойылған. Жоспар бойынша, роботтық радикалды нефрэктомия жасалады.Роботтық хирургия қазіргі кезде бүкіл әлемдегі хирургиялық практикада бірінші нөмірлі тренд болып табылады, ал бұл операция әдісі операцияны жоғары дәлдікпен, яғни жоғары үлкейтумен және өте берік тігістер салу мүмкіндігімен орындауға мүмкіндік береді. Орган жақсы көрінеді».
Роботтандырылған хирургия- қазіргі таңда урология, гинекология және жалпы хирургия салаларында кеңінен қолданылатын, ең заманауи әрі тиімді әдістердің бірі.Бұл тәсіл операциядан кейінгі кезеңнің жеңіл өтуін,пациенттің тез қалпына келуін, емделуге жату мерзімін қысқартуды және асқыну қаупін азайтуды қамтамасыз етеді.Бүгінгі таңда Қытай мен Түркияның жетекші онкологиялық орталықтарымен жасалған келісімдер аясында роботтандырылған хирургияны қолдану арқылы әртүрлі ісік ауруларын емдеу сондай-ақ, бірлескен жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.