Қазір халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар. Бұл туралы Мәжілістегі «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбындағы Парламент тыңдауында палата төрағасы Ерлан Қошанов айтты.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Бүгінгі жиында біз осы түйткілді жан-жақты талқылаймыз. Осы мақсатта жауапты органдарды – Үкімет мүшелерін, агенттіктер мен құзырлы мекемелер басшыларын арнайы шақырдық. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Жолдауында несие мәселесіне кеңінен тоқталып, оны шешу жолдарын қарастыру туралы тапсырма берген болатын. Депутаттар да бұл түйткілмен жақсы таныс. Өйткені, біз аймақтарға жиі шығамыз. Менің өзім де талай өңірде болып, халықпен жүздестім. Көбінің айтатыны бір нәрсе, ол – несиеге тәуелділік. Бұл, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналып тұр».

90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді дейді халық қалаулылары. Жұрттың тынысын тарылтқан несие тақырыбына байланысты өткір мәселелер көтерілді.Мәселен депутат Ермұрат Бәпи қымбатшылық қос өкпеден қысқан уақытта,аш адамға ақыл қонбайтындығын алға тартты. Қарапайым қарашаға қамытын салған несие қарыздарын, ескі Қазақстанды сүлікше сорған олигархтардан алып жабуға болатындығын тілге тиек етті. 

ЕРМҰРАТ БӘПИ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ