Қошқар-ата көліндегі рекультивациялау жұмыстары осымен төртінші рет себепсіз тоқтап тұр. Бұл жағдай ақтаулықтарды бейжай қалдырмады. Өңірлерді аралап жүрген мәжіліс депутаттары да аты шулы көлге қатысты пікірлерін білдіріп, қауіпті жерді тұмшалау жұмыстарының тоқтап қалғанына наразылықтарын білдірді.
Экологиялық тұрғыда өңірдегі ең қауіпті орын болып есептелетін Маңғыстау облысындағы Қошқар-ата қалдық қоймасында, 105 млн тоннадан астам түрлі қоқыс, соның ішінде 52 млн тоннаға жуық радиоактивті қалдық бар. Төрт мәрт белгісіз себептермен аяқсыз қалған көлдің тек 20 пайызы жасалынған. Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев, улы көл халық денсаулығына кері әсерін тигізіп жатқанын айтады.
САМАТ МҰСАБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «Президенттің тапсырмасы бар. 2023-ші жылдың аяғына дейін Қошқар-ата көмілу жұмысы толықтай аяқталсын деген. Бірде-бір тапсырма орындалмай тұрғо. Осы жұмыс бітпей тұр. Бұның енді бітпеуі осы елге, халыққа, жұртқа жасалған қастандық деп есептеймін. Біздер енді 1-ші қыркүйектен бастап жұмысқа шығамыз, әрі қарай тексеретін боламыз».
Шығын шығып, өзін ақтамағаны әрине мердігер мекемені де жай қоймады. Қауіпті аумақ ғалымдармен зерттелген, залалы шаш етектен екені айтылған. Бірақ, тапсырыс беруші, қоршаған ортаны басқару департаменті атынан жасалған жұмыстан проблемаларды тауып, тоқтатып қойып отыр.
ҒАЛЫМЖАН ОСПАНҚҰЛОВ МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ ӨКІЛІ «Жана ғана осы мәселе бойынша жиналыстан шықтық. Мәжіліс депутаттары ашық айтты, сұрақтарын да қойды, қауіпті аумақтың зерттелгенін, оны одан әрі екінші рет қайталап зерттеудің қажеті жоқ екенін де айтты. Біз жұмысты жүргізгеннен кейін қаржылай жағынан да шығынға ұшырадық. Енді жасалған жұмыстардың да ақшасын күтумен жүрміз. Бүгінгі күнге дейін 5 млрд теңгеге жасалған жұмыстың АКТ қағаздары қолымызда тұр. Бізде авторлық және техникалық қадағалау орындарының қол қойған актілері тұр. Яғни, бізге автор тарапынан да, техникалық қадағалау тарапынан да ресми шағымдар жоқ».
Жұмыстың не себепті тоқтатылғаны белгілі болды. Себеп: жергілікті маслихат депутаттарының талап-арызы. Айтар болсақ, жоба құны 3 есеге қымбаттауы халық қалаулыларының наразылығын тудырған. Сондай ақ, радиациялық аумақтарды көміп жатқан құмның талапқа сай емес екендігі анықталған. Енді рекультивациялау жұмыстары қашан басталатыны әзірге белгісіз.