Білім мен ғылымның қара шаңырағы - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қазақ тілі пәнінен “Ұлы дала тілі – мәңгілік ел тұғыры” атты Республикалық зияткерлік-танымдық Олимпиада өтті. Жарыстың басты ерекшелігі - орыс, украин, поляк, беларус, болгар, қытай, үндіс, неміс, кәріс, шешен, дүңген, армян ұлт өкілдерінің студенттерінің қатыса алуында.
Пәндік Олимпиада теориялық және практикалық тапсырмалардан тұратын 3 тур бойынша ұйымдастырылды. Жарысқа жалпы саны 42 студент өтініш білдірген. Алғашқы турынан тек 15 студент іріктеліп алынды. Олимпиадаға Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы жоғарғы оқу орны білімгерлері қатысты. Олимпиада онлайн және оффлайн форматта өтті.
Осылайша республикалық Олимпиада қатысушылары 7 жүлделі орынға ие болды. Бас жүлде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентіне бұйырса, жүлделі бірінші орын Ж. Ташенов атындағы университет студенті иеленді. Ал екінші орынды ҚазҰАЗУ, Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті білімгерлері қанжығаласа үшінші орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ХАТУ студенттері алды.
Сондай-ақ білімді жастарды дайындаған, қазақ тілін дәріптеуге бағдар болған жетекшілері де алғыс хаттармен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушылары
Филол.ғыл.канд. Дарменкулова Р.Н.
PhD доктор Аккузова А.А.