Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар кезінде мерзімді қызметтегі сарбаздың бетіне оқ тиген. Сарбаз ауруханаға жеттпей көз жұмған. Қайғылы оқиға "Оймаша" полигонында орын алған. ҚР ҚМ әскери бөлімдерінің бірінің взвод командирі ПМ табельдік тапаншасынан қатардағы жауынгерге оқ атқан. 

Тергеу барысын Бас әскери прокуратура мен Қорғаныс министрлігі ерекше бақылауға алған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылған. 

РУСЛАН ЖАНГУЛИН ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Ақтау гарнизонындағы 25744 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісінің қайтыс болуына қатысты іс Қорғаныс министрінің ерекше бақылауына алынды. Оның тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Қайғылы жағдайдың мән-жайлары жан-жақты тексеріліп, тергеу органдарына объективті тергеу жүргізу үшін толық көмек көрсетілу үстінде. Кінәлі тұлғалар ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады». 

Ұлының қазасына жаны күйзелген сарбаздың әкесі әлеуметтік желіден бейнеүндеу жариялап, Қорғаныс министрлігінен тексерістің әділ жүруін талап етті. 

ҚАЗА БОЛҒАН САРБАЗДЫҢ ӘКЕСІ: «Ақтауға бара жатырмын. Ұлымды бетінен атып өлтірді. Бұл абайсызда болған жағдай емес. Қару атылып кету үшін сақтандырғыштан алу керек. Бұл абайсызда болмайды. Менің түсінігім бойынша, мылтықты ату үшін патронды патроннике қойып, сақтандырғыштан алып тастап, шүріппені басу керек. Бұл ойыншық емес және бұл офицер онымен ойнаған жоқ. Қорғаныс министрінен іс тығырыққа тірелмей, оны мұқият зерделеуін сұраймын. Оқиға кездейсоқ болған жоқ. Жалғыз ұлымды әскерге жіберіп, мәйітін алып тұрмын». 

Еске салайық, елімізде үш жылдың ішінде 270 әскери қызметші қайтыс болған. Бұл туралы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев мәлімдеген еді. Әскердегі әлімжеттіктің көпшілігі суцидпен аяқталып,  қыршынан қиылған жастардың саны жыл сайын артқан.