"

"

71 жастағы Қызылордалық желаяқ  әже спорт сарапшыларының таңдайын қақтыруда. Алла Мян әлі күнге дейін жігерін жоғалтпаған.Жуырда Қарағанды облысында өткен республикалық жарыста 7-ші алтын медальіне қол жеткізді. Зейнет жасында  немерелерінің қызығын көріп қана қоймай, бәйгелерде топ жарып жүрген спортшы әжеміз жайлы  толығырақ тарқатсақ.

Алла әжей білім саласының ардагері. 60 метр қашықтықты бас-аяғы 10 секундта бағындыра алады. Қайталанбас нәтижеге жету жолында бірнеше жыл тер төккен. Зейнет демасылына шыққан соң спортқа зейіні ашылып, жүгіруді бастаған. Сонымен қатар  суда жүзуді де қолға алып, салауатты өмір салтын берік ұстанып келеді. Түрлі республикалық жарыстарда бағын сынап, жеңімпаз тұғырына да көтерілді. Бүгінде оның қоржынында 26 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль бар. Биік нәтижелерге қол жеткізуінің арқасында Алла Дмитрийқызы ардагерлер арасында ұлттық құрама сапының мүшесі.

АЛЛА МЯН   ЖЕЛАЯҚ ӘЖЕЙ: «Мен өмір бойы спортпен айналыспағанмын. Күйбең тіршілік деп жүріп, зейнет жасына келгенде денсаулығым сыр бере бастады. Сосын маған стадионға барып, жүгіру ойға келді. Бірнеше жыл бойы үздіксіз жаттығудың арқасында өзімді еркін сезіне бастағанымды байқадым. Орталық стадионда  өзімді суда жүзген балықтай сезінемін.Себебі осы жерде жүріп, денсаулығымды жақсартып алдым, жаңа достар таптым, денемді шынықтырдым. Талпынысым мен көрсеткен нәтижемді байқаған жаттықтырушылар мені түрлі жарыстарқа апарды. Салдарынан мен ол жақта мәреге бірінші болып келіп жүрдім. Мен үшін бірінші орын алу үлкен жетістік. Одан кейінгі нәтижелерге  қол жеткізгім келмейді. Яғни әрбір жарыста мен бірінші болып келуім керек. Менің ұстанымым осы. Менің бос уақытым жоқ десем болады. Аптасына үш мезгіл стадионға келіп жаттығамын. Үш баладан тараған 4 немеремді бағып, қызықтарына тоймай, өмірлік тәжірибелерімен бөлісудемін».

Алла әжейдің нәтижесіне тамсанып жүрген әріптестері жетерлік. Солардың бірі Эльмира Райымқұлова. Жеңіл атлетикадан Сырдария ауданының жаттықтырушысы, Қарағанды облысында өткен жарыста спортшы әжейдің бағындырған белесіне тәнті болып, одан жігер алдым дейді.

ЭЛЬМИРА РАЙЫМҚҰЛОВА  СПОРТШЫ: «Апайымыз өте жақсы. 71 жаста болса да спортқа деген ынтасы өте мықты. Кеше бізде Қарағанды қаласында жарыс болды ардагерлер арасында. Эстафетаға қатысты 4-100 ге жүгірдік. Өте жақсы жүгірді. Ішіндегі ең үлкен кісі болса да өте жақсы нәтиже көрсетті апайымыз.Апа бізге кейінгі жастар үшін үлгі. Ішіміздегі ең үлкен кісі. Спортқа кеш келсе де өте үлкен нәтижеге қол жеткізді».

Спортшы әжей мұнымен тоқтап қалмақ емес.Жасына қарамастан, ол жаңа биіктерді бағындыруды көздейді. 71 жастағы спортшы шетел асып, Азия және Әлем чемпионы болуды армандайды.