НОВОСТИ

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Бүгін Конституция күні. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған. Алайда араға екі жыл салып, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде 9 тараудан және 98 баптан тұратын жаңа Конституция бекітілді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
“Құрметті отандастар! Сіздерді Конституция күнімен құттықтаймын! Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз.
Жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналды. Сондай-ақ негізгі заңымыз елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады. Конституциялық Соттың құрылуы – осындай институционалды реформаның бірі. Бұл құрылым азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата заңымыздың рөлін мейілінше арттырды.
Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс. «Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңның биік мұраттарын қолдайтынына және оны өмірлік ұстанымына айналдыратынына нық сенімдімін.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін”, - делінген Президент құттықтауында.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Жаңа оқу жылы жақындаған сайын мектептерге хиджаппен бару мәселесі өзекті жайтқа айналды. Осы орайда оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жекеменшік мектептер де ортақ заңға бағынуы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Үкімет кулуарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желі қолданушысының баласын жеке меншік мектеп хиджабпен қабылдағаны туралы жазбасына пікір білдірді. Сөзінше оқу жүйесі толықтай ортақ заң бойынша регламенттеледі. Сондықтан ол жекеменшік бола ма, мемлекеттік мектеп бола ма, бәрі сол заңға бағынып, соның шеңберінде орындалуы тиіс.
"Барлық мектептер белгіленген заң шеңберінде, белгіленген тәртіп бойынша ұйымдастырылуы керек. Жалпы бізде мониторинг деген бар. Әрбір өңірде білім сапасын қамтамасыз ететін департаменттер бар. Олар барлық өңірдегі сапаның қамтамасыз етілуін қадағалап отырады. Сол кісілерден бізге дабыл түсіп жатса, олар қарап, сол бойынша шешім қабылдайды", - деді ведомство басшысы.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Оң рульді көліктерді ел аумағына алып келуге тыйым салынады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Индустрия министрлігі "Оң рульді көліктер мен олардың корпусының жекелеген түрлерін әкелуді реттеудің кейбір мәселелері туралы" бұйрық жобасын дайындаған. Бұйрық жобасында Қазақстанға 6 ай мерзімге оң рульді көліктерді әкелуге тыйым салуды енгізу қарастырылған.
Белгіленген тыйымның орындалуын бақылауды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп жүзеге асырылатын болады.
Жоба 2023 жылғы 13 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА порталында орналастырылған.
Бұған дейін бұл көліктерді әкелуге тыйым 2006 жылы енгізілген болатын.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Дания билігі қоғамдық орындарда діни мәтіндерді қорлауға тыйым салатын заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Аlataunews.kz-ке сілтеме жасап.
“Заң жобасы Құранды немесе Библияны көпшілік алдында өртегендерге жаза қолданылады. Бұл тек қоғамдық орындардағы іс – әрекеттерге немесе көпшілік орындардағы жасалғандарға байланысты”, – дейді елдің Әділет министрі Питер Хуммельгаард.
Заңды бұзу айыппұлдармен немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады деп жоспарланып отыр.
Данияда шетелдік туларды өртеуге тыйым салу туралы заң бар.
Тамыз айының басында Данияның жеті оппозициялық партиясының өкілдері Үкіметтің Құран өртеніп жатқан наразылық акцияларын заңсыз ету жоспарына қарсылық білдірді. Олардың пікірінше, бұл елдегі сөз бостандығын бұзады.
Жаз мезгілінде Данияда мұсылмандар үшін қасиетті кітапты өртеп жіберген ұлтшылдардың қатысуымен көптеген акциялар өткен болатын.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Алматы халықаралық әуежайында туристермен тоғыз тілде сәлемдеседі. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Алматы қаласының туризм басқармасы Алматы халықаралық әуежайымен және ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, қаладағы туристік тәжірибені жақсарту аясында әзірленіп, жаңартылған ұшу аймағын таныстырды. Паспорттық бақылау аймағындағы кабиналар әлемнің тоғыз тілінде: қазақ, орыс, ағылшын, араб, қытай, француз, итальян, түрік және кәріс тілінде амандасатындай жабдықталған.
“Сәлемдесу” дәстүрінің тамыры тереңде. Ол адамзат қоғамының қалыптасуының басты белгісінің бірі. База ретінде қала мен аймақтың ең танымал әрі әдемі туристік орындары таңдалды. Паспорттық бақылау аймағын жаңарту әр қонаққа Қазақстанның қонақжайлығын сезініп қана қоймай, біздің қала туралы туристік тәжірибені (visitor experience) жақсартады”, - дейді Алматы қаласының туризм басқармасы.
Туризмді дамыту тұжырымдамасы аясында қалада бірыңғай коммуникация мен навигацияны енгізу бойынша жұмысты жалғастыру жоспарланған. Қазіргі таңда қала қиылыстарында 52 ақпарат жаңартылды. Картадан қоса олар танымал туристік орындарға бағыттарды ұсынады.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы Өкімге қол қойды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі жазды. Онда Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысы елорда уақытымен 11.00-ге белгіленгені хабарланған.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы 2023 жылғы 1 қыркүйекте сағат 11.00-де Астана қаласында шақырылсын", – деп жазылған Өкім мәтінінде.
Еще материалы
Страница 68 из 72
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.