"

Сынған терезелер мен қираған үйлер, шашылған балалардың заттары. Көппәтерлі үйлердің сырты шұрық тесік, сау тамтығы қалмаған. Сынған пальмалар. Бір айдан аса уақыт болды Газа секторының солтүстігіндегі көрініс осы. Израиль күштері шетелдік журналистердің шағын тобына соғыс аймағына кіруге рұқсат беріп, тілшілерді танк іздері кесіп өткен жолмен Газа қаласының шетіне апарды.

ИЗРАИЛЬДІК ӘСКЕРИ: «Шайқас әлі аяқталған жоқ. Бұл операция емес - бұл соғыс. Бұл ХАМАС өмір сүруін тоқтатқанша ұзақ уақыт бойы жалғасады».

Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлаған болатын. Қазір тұрғындардың барлығы бұл ауданнан кетіп қалған дейді ашық дерекөздер. Ал, израильдік әскер үйлерден қару-жарақ, соның ішінде дрон жасайтын шеберханаларды тауып жатқандарын айтуда.

ИЗРАИЛЬДІК ӘСКЕРИ: «Біз жауды көбірек танып жатырмыз. Әр үйге кірсек, абай болуға тырысамыз».

Соңғы ақпаратқа сенсек, Газа секторындағы израильдік 31 сарбаз қаза тауып, 260-тан астамы жараланған. Айта кету керек, 6 қарашада өткен брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қақтығыс аймағында Қазақстанның 76 азаматы, отбасы мүшелерімен бірге санағанда 161 адам барын мәлімдеген болатын.