"

Елімізде алаяқтарға алданатын азаматтар саны азаяр емес. Оңай жолмен ақша табуды көздеген қаскөйлер түрлі амал-тәсілдерге баруда. Әсіресе, жасанды интелект көмегі арқылы адамның дауысын салып, жақындарына қоңырау шалып, ақша бопсалайтындар көбейген. Сондықтан, сенат депутаттары, негізінен банктер өз қауіпсіздігін күшейтуі керек деп санайды. 

ГЕНАДИЙ ШИПОВСКИХ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Еліміздің банктеріне де бірқатар сынымыз бар. Мәселен, қазіргі таңда банктердің барлығы цифрландыру бағытында үлкен қадам жасады. Біз тұтынушылар ретінде көп мүмкіндіктерге ие болғанымыз рас. Десек те алаяқтардың махинациялық операциялары сол банктердің жүйесі арқылы да өтіп жатқаны жасырын емес. Таң қалатын жайт банктер қомақты пайда таба отырып, неге өздерінің киберқауіпсіздігін күшейтпейді, тұтынушыларын неге алаяқтардан қорғай алмайды? Бұл сұрақ тек біздің ғана емес, күллі халықтың көкейінде жүр деп білеміз».

Айта кетейік, 2021 жылы 40 мыңнан аса алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 40 мыңға жуық азамат зардап шеккен. Олар 120 млрд теңгелерін жоғалтқан. Ал, былтыр 37 мың азамат алданған. Биыл, небәрі 10 айдың ішінде алаяқтық ісі былтырмен салыстырғанда 15 пайызға азайған. Бірақ, қаржылық шығын артқан. Демек, алаяқтар әр құрбаннан көп ақша өндірудің жолын тапқан.