Жастар арасында әлем чемпионатында топ жарған спортшыларымыз елге оралды. Черногорияның Будва қаласында өткен бокстан жастар құрамасы рекорд орнатты. Сайысқа әлемнің 73 мемлекетінен, 593 боксшы қатысты. Халықаралық додада 25 боксшымыз сынға түсіп, оның он жетісі жүлдемен оралды.
Спортшыларды Алматы әуежайынан жақындары мен жанкүйерлері ерекше қошеметпен күтіп алды. Әлемдік додада бақ сынаған боксшыларымыздың ішінде, қайсар қыз - Аружан Зейноллаева бар. Спортшыларымыз қоржынды алты алтын, бір күміс, он қоламен толтырды.
МАҚСАТ БАҚТЫБАЗАРОВ АҒА БАПКЕР «Балалардың дайындығы физикалық тұрғыдан қазіргі таңда өте жақсы. Әлем чемпионатына дайындық қыркүйек айының 25-і нен басталды. Жарыс барысында жігіттердің қалай ойнайтындығы, рингте өздерін қалай сезінетіндігі, қарсыласпен қалай жұмыс жасайтындығын барлығын танытты.»
Гүл шоғы мен плакаттар ұстаған жұрт патриоттық әндер айтып, боксшыларды ерекше қошеметпен үйлеріне шығарып салды.