Астана алғаш рет жылыту кезеңіне үлкен профицитпен кірді. Елордада үшінші Жылу электро орталығының   бірінші кезеңі және екі газ жылу станциясының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Осылайша бас қала қақаған қыс пен қатты аязға сақадай сай дайын болды дейді шаһар басшысы Жеңіс Қасымбек. Толығырақ алдағы сюжетте. 

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек есеп берді. Әкімнің сөзінше бас қаланың дамуы жақсы. Биыл қала бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалған. Келер жылы да қаржы дәл осы тәртіппен бөлінеді. Нақты айтқанда, 2024 жылы қалада 25 мектеп салынады. 2025 жылы 10 балабақша ашылады. Осылайша, балаларды білім беру мекемелерімен қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп жойылады. 

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ  ӘКІМІ
«2024 жылы 25 мектептің құрылысы жоспарланған, оның ішінде жекеменшік - 3, мемлекеттік - 7 және «Жайлы мектеп» жобасы бойынша - 15. Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. Осылайша, 2028 жылға дейін екі ауысымда 200 мыңға жуық оқушы орнына арналған 80-нен астам мектеп салуды жоспарлап отырмыз». 

Әлеуметтік мәселе демекші, әкім Жеңіс Қасымбек, «олигарх Боранбаевқа тиесілі қонақ үйлер енді білім беру орталығына айналама» деген журналистер сауалына былайша жауап берді. 

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ  ӘКІМІ
«Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Астана қаласы бойынша ( "Комфорт" қонақүйі өтеді. Финтес орталықтар берілмейді. Қонақүйді (әкімдік балансына беру – автор) процесі жүріп жатыр. Осы жұмыс аяқталғасын не істейтініміз белгілі болады. Қалада осындай деңгейдегі қонақүйлер жетіспейді. Бұл нысан әрі қарай жұмысын жалғастыруы мүмкін». 

Әлеуметтік саладан кейінгі маңыздысы ол инфрақұрылым. Бұл бағытта да жұмыстар қарқынды жүріп жатқан көрінеді. Жақында үшінші ЖЭО-ның бірінші кезеңі және екі газ жылу станциясының құрылысы аяқталып, іске қосылған. Ол 100 пайыз қаланы тоқтаусыз жылумен қамтамасыз етуде. Ал, миллионнан аса тұрғыны бар бас шаһар үшін жазда су өткір проблема болған еді. Алайда оны әкім мойындамады. Сумен мәселе жоқ дейді. 

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ  ӘКІМІ
«Бүгін мен тағы да ресми түрде айтқым келеді: қалада су тапшылығы жоқ. Жақында біз Астана су қоймасынан бөлек, екінші қосымша су құбырының құрылысын аяқтаймыз, Нұра ауданында су құбырының құрылысын бастаймыз, сондай-ақ "Тельман"сорғы станциясының кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстардың нәтижесі бізді еш қиындықсыз 2030 жылға дейін таза ауызмен қамтамасыз етеді».

Айта кетейік, биыл Астанада 3,4 млн шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілген. Жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар бойынша биыл 5200 пәтер беріледі деді әкім. Ал, апатты үйлерде тұрып жатқандар алдағы алты жыл ішінде толық жаңа пәтерге көшіріледі. Айтпақшы,  қаладағы кептеліс мәселесін шаһар басшысы алдағы 2,5 жыл ішінде шешемін деп отыр. Себебі, жыр болған LRT құрылысы 2025 жылға қарай аяқталады екен. Бұл жоба іске қосылса, қалада кептеліс айтарлықтай азаяды деген сенім бар.