Көкшетаудағы Абылай хан даңғылының бойындағы көпқабатты бірнеше үйдің тұрғындары үшін өз аулаларына кіріп-шығу қиындаған. Көлік жүруі қиын шұрық тесік көшелерінен тіпті жаяу адамның өзі сүрінеді. Жаз мезгілі аяқталып, жаңбырлы күз  жеткенімен жолдың жасалар түрі жоқ.  

Бұл жол Абылай хан даңғылындағы 5-ші, 7-ші және 9-шы үйлерге апарады. Бұрын тақтайдай асфальт болғанымен кәзіргі сиқы осы. Жаңбырлы күндері бұл жер көлкіген көлшікке айналады екен. 

ИВАН КОТЛЯР ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Асфальтты сыпырып алып тастап,  қиыршық тас төсеп кетті. Көктемде алып тастаған еді, содан бері еш қозғалыс жоқ. Қазір үйге дейін көлік жете алмайды. Шалшықтан өту мүмкін емес, жаяу жүргіншілер жолы да балшыққа толы. Мүндай жағдайдың қашан аяқталатыны белгісіз».

Осы маңнан кәсіп ашып нәпақаларын айырып отырған кәсіпкерлер үшін де  бұл мәселе кесірін тигізіп отыр. Жолдың нашарлығын олар тұрғындармен бірге шешуге ат салысуда.

ОЛЬГА КОЛУБЕКОВА «ҚАРАПАЙЫМ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Шыңғыс» дүкеннің өкілі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бірнеше рет барды, оған бірінші қыркүйекке дейін барлығын түзетеміз деп уәде берді. Бірінші қыркүйек өтіп кетті, бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. Оның үстіне саз. Бәрі біздің аулаға келеді. Клиенттер келсін деп осы маңдағы  дүкендердің өкілдері мен иелері қиыршық тас төсеп тастады. Әкімдіктегілер уәде еткелі қай заман, бірақ іс алға жылжыған жоқ». 

Жауапты мамандар жұмысты мерзімінде аяқтауға уәде беріп отыр. Екі апта бойы ауа райы қалыпты болады, сондықтан жолдарды жөндеуге уақыт бар екенін алға тартты. 

ЕЛЕНА СУХАНОВА ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Абылай хан даңғылындағы 9 үйдің   аулаішілік аумағына кіреберісі биылғы жылға арналған жолдарды ағымдағы жөндеу бойынша жұмыс жоспарына енгізілген. Жұмыстар қыркүйек айының соңы мен қазан айының басына дейін жасалып бітеді. Осы жолға асфальт-бетон жабыны төселеді». 

Сметалық есеп негізінде және ағымдағы жөндеу шеңберіндегі жобада су бұру көзделмеген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары бұл мәселені де шешуге уәде берді.