Айта, айта жауыр болған мәселе. Маңғыстаудағы Басқұдық ауылының тұрғындары ми балшыққа айналған көшемен жүруден шаршадық деп шағымдарын айтты. Жаңбыр жауып, қар ерісе ауылдың кейбір көшелері батпаққа айналады екен. Себебі әлі күнге дейін тақтайдай болу керек тас жол төселмеген, жаяу жүргіншілер жолы салынбаған. Ал әкімдік 1,6 шақырым болатын ауылішілік жолдың қиыршық тастарын жердегі ылғал кепкен соң басталатынын айтты.
Бұл ауылдағы нөмірі 16-шы мектепке қатынайтын көшелердің бірі. Екі бағытқада жаяу қатынайтын оқушылар бір-бірінің соңынан еріп, жар жағалап жүреді. Себебі жолдың ортасы ми балшық. Ал жаяу адамға арналған жол тағы жоқ. Ауылға бұрыннан қоныстаған тұрғындар жол мәселесін қанша мәрте көтерсекте нәтиже шамалы дейді. Жол азабын ересек адам да, балалар да тартып жүр.
ТҮГЕЛБАЙ КӨРПИЕВ – ТҰРҒЫН: «Жаңбыр жауғанда, қар жауғанда міне балшық, көріп тұрсыңдар. Үлкен кісілер бар, кішкентай жас балдар бар. 1,2-ші класс оқитындар түнде қараңғыда жүреді мына жермен. Жарық бар, шүкір, сонда да жүру қиындау. Міне, аяқты көріп тұрсыңғо».
АЙНАГҮЛ АҚЖАНОВА – ТҰРҒЫН: «Мына балдарымыз жүре алмайды, мектепке барғанда. Аяғы балшық, шалбарлары балшық-балшық болып келеді. Сумкалары балшық болып келеді. Енді қиын, өте қиын. Асфальт салынады деген, қолға алынбай жатқан сияқты».
Ауыл әкіміне байланысқа шықтық. Нұралы Жұмабаев Басқұдықта жол мәселесі бар екенін жасырмады. Ауыл басшысы асфальт төсеу үшін дайындық жұмыстарын енді бастай бергенде ауа-райы күрт өзгеріп, кесірін тигізгенін айтты.
НҰРАЛЫ ЖҰМАБАЕВ – БАСҚҰДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: «Қараша айынан бастап келісім шартқа «Жол құрылыс» деген мекеме жеңімпаз болып анықталды. Жол құрылыс мекмесі бүгінгі күні астынғы қабатын тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты жұмыстар уақытша тоқтады. Бүгінгі күні тапсырмасы беріліп, қиыршық тас ПГС деп аталадысоны төсеу жұмыстарын жалғастыратын болады. Жалпы 1,6 шақырымның аяқталу мерзімі келесі жылдың март айына дейін. Оған біз ол уақытты күткізбей, жұмысты жыл аяғына дейін аяқтауға жоспарлап оытрмыз».
Жалпы ауылдағы 1,6 шақырымды төсеуге қозғалыс жоқ емес, бар. Жеңімпаз мекеме анықталған, 39 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал жаяу жүргіншілерге арналған жол асфальт төселгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталатын болады деді ауыл әкімі Нұралы Жұмабаев.