Назарбаев зияткерлік мектептерінде бір емес бірнеше құқық бұзушылық анықталды. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексерістің қорытындысы бойынша 1 материал құқық қорғау органдарына, тағы 10 факті бойынша материал әкімшілік істі қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілді. Мектеп басшылығы соңғы үш жылда 16,4 млрд теңгені игере алмаған, ал 6 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған. Салыстырмалы түрде алсақ, Назарбаев мектебіне соңғы бес жылда бөлінген қаражат, күллі Ұлытау облысының бюджетінен көп, - деді жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов.
ӘНУАРБЕК ҚАРИ ҚР ЖАП ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПКЕ АУДИТ ЖҮРГІЗУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Жалпы есепті кезеңде Назарбаев зияткерлік мектептеріне бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 22 млрд теңгеден аса қаржы тәжірибемен бөлісу іс-шараларына қарастырылған. Алайда бүгінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің рөлі нақты айқындалмаған. Мысалы, бағдарламаларда, ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларда тәжірибемен алмасуға қатысты нақты міндеттер, функциялар мен көрсеткіштер мүлдем белгіленбеген. Жалпы мемлекеттік аудит барысында: 274,4 млн теңгеге қаржылық бұзушылық; 8,3 млрд теңгені тиімсіз жоспарлау; 6 млрд теңгеге жуық қаржыны тиімсіз пайдалану; 134 рәсімдік бұзушылық пен 30 жүйелік кемшілік анықталды».