«Психология ғылымы және білім беру: тарихтан – болашаққа».  Осындай атаумен Қазақстандағы психологиялық және педагогикалық мәселелерді терең зерттеген ұстаз-ғалым, педагогика ғылымының докторы, профессор Құбығұл Бозайұлы Жарықбаевты еске алуға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен  алқалы жиынға  психология ғылымы саласында озық еңбектерімен көзге түскен Қазақстан,  Ресей, Германия, Нидерланды, Өзбекстан, Қырғызстаннан    ғалымдар  қатысты.  Конференция барысында қатысушылар Жарықбаевтың идеялары негізінде қазіргі психологиялық-педагогикалық ғылымның өзекті мәселелерін талқылап, ғылыми-зерттеу тәжірибелерімен алмасып,  ғалым өмірінің маңызды кезеңдерін еске алды.   Профессор Құбығұл Бозайұлы – этнопсихология, этнопедагогика және Қазақстандағы психология тарихының негізін қалаушы ғалым. Өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, қазақы дүниетанымдағы психолог мамандарды даярлауға зор үлес қосып, бірнеше оқулық, монографиялар жазды.

МҰХАН  ПЕРЛЕНБЕТОВ  «ҚАЗАҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ» ПРЕЗИДЕНТІ

Пікір алмасу мен ғылыми ізденістің ашық алаңына айналған жиында  ғалымның еңбектерінен көрме қойылды. Құбығұл Жарықбаевтың 10 томдығында өте терең әрі қызықты еңбектер топтастырылған. Онда дәстүр, жеке көзқарас және ғылымның болашағы туралы айтылады.  Құбығұл Жарықбаевтың шәкірттері мен әріптестері  өнегелі ұстаз-ғалымның бай мұрасы жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарына арқау бола бастағанын қуана бөлісті.