Риддер қаласы алдағы қысқа дайын. Әбден тозығы жеткен жылу желілері жаппай жөнделіп жатыр. Айталық, бүгінгі таңда қалада  инженерлік желілер 58,4%-ға, 32 орталықтандырылған қазандық 51%-ға, гидроэлектростансалар 69%-ға және ЖЭО 52%-ға дайын. Шығыс Қазақстан облысына жасаған іс-сапары кезінде үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгін Риддер ЖЭО-сын реконструкциялау жұмысымен танысты.1956 жылы пайдалануға берілген бұл ЖЭО бүгінде 50 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жабдықтың ағымдағы тозуы 57,7%-ды құрайды. Сондықтан, Мемлекет басшысы биылғы ақпанда өткен кеңейтілген отырыста Үкімет алдына осындай нысандарды шұғыл жаңғырту жұмыстарын биыл аяқтау міндетін қойған болатын.  

КИРИЛЛ ГОЛОТА  РИДДЕР ЖЭО БАС ИНЖЕНЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ 
«2024 жылғы жөндеу науқанына 8,5 млрд теңге бөлінді. Барлық қазандық агрегатына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кестеден артта қалу жоқ. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр».

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Риддер қаласындағы көпсалалы медициналық мекеме құрылысымен де танысып шықты.  Бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхана мен 200 төсек-орындық стационары бар медицина кешені Риддердің әр түкпірінде орналасқан халыққа пайдалы болады. Оның үстіне бұл нысан 80 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұрған ауруханының орнына салынуда. Аталған денсаулық сақтау ұйымы бүгінде қаладағы жалғыз ұйым.
Жаңа аурухананың ауданы – 40 мың шаршы метр. Бүгінде аталған нысан 60%-ға дайын.  Емхана осы жылдың күзінде, стационар келесі жылы пайдалануға беріледі. Ол өз кезегінде 500-ден астам қызметкерді жұмыспен қамтиды.

ЖӘНІБЕК ЖАМАНТІКОВ ҚҰРЫЛЫСШЫ
"Жылу беру жүйесі 100% дайын, су құбыры мен кәріз жүйесі тартылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Сонымен қатар стационар бойынша жұмыстар қолға алынған".