Су тасқынынан зардап шеккен барша ел тұрғындыры қыркүйек айы жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық баспаналы болады. Елдің Батысында 400-ге жуық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы үкімет басшысының Батыс Қазақстан облысына жасаған іссапары кезінде белгілі болды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқыннан зардап шеккен аймаққа арнайы барды, құрылыс жұмыстарын өз көзімен көріп, жаңа салынған үйлердің сапасын тексерді. Премьер-Министр құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, 2-3 ауысымдық жұмыс кестесіне көшу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар инженерлік желілерді, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Сапасы да жоғары болу керек. Әйтпесе, интернеттен де көріп жатырмыз. Салына салып қирап жатыр. Ондай болмасын, бақылау керек».
АРМАТ ЖАНҒАЗИЕВ ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Облысымызда орын алған су тасқыны байланысты зардап шеккен тұрғындарға біздер Бәйтерек компаниясы Орал қаласы Меркурий ауданында зардап шеккен тұрғындарға үй салып жатырмыз. Құрылыс басталғанына 5 апта болды. Сапасы жоғары, көлемі 80 шаршы метр, су, газ жарықпен қамтылған. Оқу жылы басталғанға дейін қолданысқа беру жоспарлануда».
ҚАРЛЫҒАШ МЕДЕНОВА ЖҰЛДЫЗ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Саяжайдағы үйімізді 21 сәуір күні су басты. Соның зардабынын эвакуациялық пунктіге орналастық. Қазіргі күнде сонда тұрып жатырмыз. Мен көпбалалы анамын. Осы мемлекеттік қолдауымен үй беріліп жатыр біздерге. Көп рахмет айтамын. Осы Жұлдыз шағынауданынан жер шүй берілді. Мемлекет басшысына алығысымды білдіремін. Енді осы үйіміздің кілтін 1 қыркүйек мектеп басталғанша бұйырса екен деймін».
Жалпы, Батыс Қазақстанда құрылыс қарқынды жүруде. Айталық, Теректі ауданы Подстепное ауылында 3 бөлмелі 106 тұрғын үй салынып жатыр. Нысандарға 8 мердігер ұйым, оның ішінде 330 адам және 56 техника жұмылдырылған. Тұрғын үйлер тамыздың ортасында пайдалануға беріледі деп күтіледі. Деркөл кентінде 103 тұрғын үй салынып жатыр. Қазір іргетас қалау жұмыстары толығымен аяқталып, 24 нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Оған 5 мердігер ұйым жұмылдырылған. «Жұлдыз» ықшамауданында 17 мердігер мекеме 191 үйді салып жатыр. Құрылыс биылғы қыркүйекте аяқталады деп жоспарланған.