Ірі көлемде есірткі әзірлегендер өмір бойы бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Ал, керісінше есірткі таратып жүргендер туралы ақпарат бергені үшін, ол адамға қомақты сыйақы берілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты. Бүгін парламент депутаттары қоғам дертіне айналған нашақорлық мәселесін көтерді.
Елімізде есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар санының өсу тенденциясы байқалады. Депутаттар келтірген стастистикаға сүйенсек, 2011 жылы тіркелген қылмыстардың саны 4 360 болса, биылдың 10 айында ол 6 715-ке жеткен. 2011 жылы аталған фактілер бойынша 2 325 адам сотталса, биылдың 10 айында олардың саны 3 193-ке дейін өскен. Оның ішінде есірткі қылмысы үшін ұсталған 11 полицейде бар. Қазір құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздері наркотик сатуды бизнеске айналдырып жіберді дейді депутаттар.
НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Телеграмның адрестері қоғамдық орындарда әлі де жылтырап тұр» дейді. Осыны тоқтатудың жолы бар ма? Өйткені «11 мың теңге төлесең, телеграм каналдағы администраторлар есірткіні үйіңе дейін курьермен әкеліп береді» дейді. Осыны шешудің жолы бар ма? Азаматтардың айтуынша, бір құпиясы – үнемі курьерлер ұсталмайды, есірткі тұтынған азаматтар ғана ұсталады. Осы құпияның шешімін біліп берсеңіз. Биылдың өзінде 11 құқық қорғау қызметкері есірткі заттарын сатқаны және сақтағаны үшін ұсталды. Депутат ІІМ басшысының мұның себебін сұрады. Құқық қорғау қызметкерлерінің айлығы жетпей жатыр ма? Жоқ әлде өздері нашақор ма деген сауал бар».
ЕРЖАН СӘДЕНОВ ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
«Полиция қызметкерлерінің жалақысы да барлығы бар, ол тек сатқындық».
Заңды қатаңдату қажет дегенді ішкі істер министрі де қолдайды. Енді ірі көлемде есірткі әзірлегендер өмір бойы бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
ЕРЖАН СӘДЕНОВ ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
«Синтетикалық есірткіні» өндірумен байланысты қауіп-қатерді ескере отырып, есірткі зертханаларын ұйымдастырғаны үшін жазаны күшейту туралы заңнамаға түзетулер әзірленді. Қазір есірткі зертханаларын ұйымдастырушылар «есірткіні өткізу мақсатында бір топ адаммен және аса ірі көлемде әзірлегені және қайта өңдегені үшін жауапкершілікке тартылады, санкциясы - 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Ұсынылатын түзетулерде осы әрекеттер 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен ҚК 297-бабының 4-бөлігі бойынша дәрежеленеді».
Ал, депутат Абзал Құспан мұндай заң бұзушылықты болдырмау үшін, есірткімен күресті ішкі істер министрлігі жанынан емес, бөлек орган ретінде құру керек дейді.
АБЗАЛ ҚҰСПАН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Мысалы әлемнің кейбір елдерінде осы есірткі бизнесіне қарсы арнайы органдар жұмыс істейді. Біздегідей, Ішкі істер министрлігі жанынан емес. Есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелерінде тұрақты ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау үшін бірыңғай үйлестіруші мемлекеттік орган құру бойынша ұстанымыңыз қандай? Қадағалау органы ретінде қосымша қандай шаралар қолдану қажет деп есептейсіз?»
ӘСЕТ ШЫНДАЛИЕВ БАС ПРОКУРОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Қазіргі министрлік (ІІМ – ред.) департаменттің жұмысын күшейтейін деп жатыр. Департаменттің жұмысын күшейткеннен кейін оның нәтижесін қарап, шешім қабылдауға болады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, күдікті жарнамаларды анықтау алгоритмін әзірлеу керек. Тағы бір ұсыныс, біз жемқорлықпен күрес мақсатында жемқорлық туралы ақпарат берген азаматқа сыйақы береміз. Осындай сыйақыны есірткіні таратып жүрген адам туралы ақпарат берген азаматқа беру туралы сұрақты қарастыруға болады деп ойлаймын».
Нашақорлықтан емдейтін мекемелердің жұмысына депутаттардың еш көңілі толмайды. Айтуларынша, ол жабық медұйымның жұмысын қатаң бақылауға алу керек. Ол жерден адамдар жазылып емес, қайта керісінше нашаға тәуелді болып шығады деген мәжілісмендер тиісті органнан қатаң тексеріс жүргізуін сұрайды.