Алматы жүргізушілері 1 желтоқсан мен 1 наурыз аралығында қысқы дөңгелекпен жүруге міндетті. Техникалық регламент талабы осындай. Бұл ҚР Әкімшілік кодексінің 590-бабының 5-бөлігі. Қысқы уақытта жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізуші анықталған жағдайда полиция қызметкерлері айыппұл салуға құқылы. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.

Мұндай бұзушылық үшін айыппұлдың ең төменгі мөлшері 5 АЕК құрайды, егер бір жыл ішінде жүргізуші осындай құқық бұзушылықты қайта жасаса, онда айыппұл 10 АЕК-ке дейін артады.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:«Қыс таяп қалды, сондықтан 1 желтоқсаннан 1 наурызға дейін біздің барлық автокөліктеріміз қысқы резеңкеге ауысуы керек. Бұл қауіпсіздік талаптары, өйткені ірі мегаполисте алғашқы жауын-шашын басталғаннан кейін хаос басталады. Оның себебі - жүргізушілердің қыс мезгіліне дайын еместігінде».

Алматы полицейлері жол жүру ережесін бұзудың 1 млн 500 мыңнан астам дерегін анықтады. Биылғы 10 айда Алматыда 2 мың 991 ЖКО тіркеліп, соның салдарынан 84 адам көз жұмып, тағы 3 мың 211 адам жарақат алған. Жыл басынан бері барлығы 1 миллион 582 мың 980 рет жол қозғалысы ережелері бұзылғаны анықталған.  Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 1 мың 718 жүргізуші ұсталған. Осыған байланысты сот 2 мың 443 жүргізушіні көлік құралын басқару құқығынан айырған.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:  «Біздің қаламызда «Қорғау – қауіпті жүргізуші»  автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді, ол қозғалыстың қарсы  жолағына шығатындарды, жалған нөмірлік белгілерді пайдаланатын жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды, көлік құралын басқару құқығынан айырылған, бірақ соған қарамай, көлік жүргізетіндерді  анықтауға мүмкіндік береді. Бұл іс - шаралардың барлығы Алматыдағы жол жағдайын бақылауға мүмкіндік береді»

Қазір қалада мопедтер көбейіп барады. Осы көлік түрімен жыл басынан бері 333 жол апаты тіркелген. Көбіне көлік тізгінін ұстаушы - жастар. Бұл жөнінде бірнеше ай бұрын ҚР жол жүру заңына біршама өзгертулер, толықтырулар енгізіліп, мопедтер мен сомокаттарға ережелер енгізілген болатын. Бірақ, мопедтерге енгізілген заң өз күшіне әлі толық енбеді. Осы жақында Алматы қаласының Тимирязева көшесінде орын алған мопед тізгіндеуші жас жігіттің 1964 жылғы әйел адамды қаққан оқиғасын спикер тілге тиек етіп, осы мәселе жөнінде жастарға үндеу сала кетті.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:"Әсіресе мопед тізгіндеген біздің отандастырымызға айтарым, Аллаһ тағала сақтанғанды сақтаймын дейді. Сондықтан, сақтық шараларын ұмытпай, бірінші кезекте өздеріңізден бастап, басқа да айналадағы азаматтарға қарап, сыйластық танытып, жол жүру процессіне қатысушы тұлға ретінде жауапкершілікті сезініңіздер. Өйткені, күнде болмаса да күнара бір оқиға орын алып жатып, нәтижесінде өте нашар жағдаймен жалғасын табуда".

Сонымен қатар, мас жүргізушілер мәселесіне де тоқталды. Оның хабарлауынша, жыл басынан бері Алматы қаласы ПД саптық бөлімшелерінің күшімен қала жолдарында 1718 мас жүргізуші ұсталған. Мұндай бұзушылық үшін 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру қаупі бар.