Басынан дауы арылмайтын әуе компаниялардың мәселесі Парламентке жетті. Демалыстан, жұмысқа деген жаңа күшпен оралған депутаттар азаматтық авиация саласына қатысты проблемаларды жіпке тізді. Олар тұтынушылардың құқығы қорғалмай, тапталып жатыр дейді. Әбден халықты басынып алды, бағасы тым қымбат, ал сапа оған сай келмейді деген мәжілісмендер заңға өзгерту енгізуді сұрайды.
Каникулдан оралған депуттаттардың бұл алғашқы пленарлық отырысы. Маусымның жаңалығы – жаңа зал. Енді бұдан былай пленарлық жиналыстар жарқыраған мына жаңа залда өтеді. Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов алдымен Президент жолдауына тоқталды. Халықтың алаңдаушылығын туғызып отырған бірнеше мәселені қозғады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ «Соңғы жылдары жол апаттарының артуы, адамдардың опат болуы, әскер қатарында жарғыға сай келмейтін заңсыздықтардың жиілеп кетуі халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Заңнаманы қатаңдатқанымызға қарамастан, халық арасында есірткі тұтыну әлі де қиын мәселе болып қалуда. Сан түрлі өршіген алаяқтық әрекеттермен халық күн сайын дерлік ұшырасып жатыр. Осы мәселелерді шешуге депутаттық корпус – біз атсалысуымыз керек. Енді мемлекеттік органдармен бірлесіп, ең алдымен заң мен құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған жұмысты жалғастыруға тиіспіз».
Қазір ел экономикасын өркендетуге жұмысшы мамандықтардың аса қажет екенін айта келіп, оларды заңнамалық тұрғыда қолдау керектігіне тоқталды. Одан бөлек, тағы бір маңызды мәселе – АЭС құрылысы. Бұл тұрғыда төраға, депутаттардан халыққа дұрыс әрі ресми ақпаратты кеңінен жеткізулерін сұрады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ: «Бүгінгі таңда ең көп талқыланып жатқан мәселе – Атом электр стансасын салу мәселесі. Атом электр стансасын салу туралы шешім – серпінді жоба екені сөзсіз. Бұған оң халықаралық тәжірибе айқын дәлел бола алады. Бірақ аталған мәселені түпкілікті шешу үшін бүкіл қоғамның бірігуі қажет. 6 қазанда өтетін референдумда халық өз шешімін қабылдайды. Барлық депутат Президенттің осы прагматикалық идеясын қолдап, жұртшылыққа дұрыс жеткізеді деп сенемін».
Бүгін депутаттар әуе компанияларына қатысты мәселені көтерді. Олар бағаға сапа сай болу керек дейді. Халықты әбден басынып, ойларына келгенін істеп жатыр деп әуе компанияларын сынаған депутаттар жауапты өкілдерден былыққа батқан саланы дер арада реттеуді сұрады.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «Тұтынушылардың құқығы қорғалмай, тапталып жатқан салының бірі – азаматтық авиация. Air Astana, FlyArystan cияқты компаниялардың бассыздығы, заңсыздығы, былығынан халық шаршады. Мемлекеттің тісі батпай отыр. Өкінішке орай билеттерді қайтармайды, не рейстерді кейінге қалдырады. Ең сорақысы мүгедектігі бар азаматтар мен жасөспірімдерді рейстен қалдырып отыр. Лоббистер тұтынушыларды қорғауды көздейтін тексерістің бәрін алып тастады. Енді олар билет құнын қайтадан көтеруге тырысып жатыр».
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ «Қолданыстағы заңда сондай кемшілік бар. Сол кемшілікті біз алып тастадық. Енді біздің «тісіміз» батады. Біздің құзертіміз кеңейтілді. Бұл мәселе бізге қарайды. Екіншіден, 100 пайыз ақшаны қайтармау туралы бапты заңнан алып тастадық. Енді оларда заң жүзінде ондай мүмкіндік болмайды».
СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ «Монреаль конвециясын 2015 жылы ратификациялаған едік. Ол конвеция авиажүк және жолаушыларды тасымалдау тетіктерін қарастырады. Бүгін біз сол конвеция аясында жұмыс істеп жатырмыз. Енді сіз қойған сұрақтарға тоқталайын. Рейстерді кешіктіргенде және ұшақ ұшпай қалған жағдайда жаңадан өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеліп жатыр. Себебі кейбір кезде әуежайдың дайындығы болмай қалады. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен балаларға, жүкті әйелдерге дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда оларға айыппұл салу пакеті дайындалды. Осындай айыппұлдар әуе компания мен әуежай басшылығына салу жөнінде дайындаған түзетулер бар».
Ал, депутат Ринат Зайытов болса, тағы да тіл мәселесін қаузады. Ол заңда тіл мәртебесін нақты айқындап жазу керек дейді.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «Қоғамдағы ең үлкен проблема тілдің айналасында. Қарапайым мысал: тұтынушы бір жерге келеді де “сен неге маған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейсің” дейді. Міне, осыдан дау шығып, қоғам шулайды. Өйткені Конституциядан басқа жерде мемлекеттік тілдің мәртебесі анықталмаған. Оны көтергіміз де келмейді. Сондықтан заңда нақты жазылуы керек. Кез келген Қазақстан аумағындағы орындаушы және сатушы бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті деп жазу керек. Бұл жайт менің намысыма тиеді».
Сауда министрі Арман Шаққалиев тұтынушылардың құқықтары жөніндегі заң жобасында қазақ тіліне қатысты функция барын айтады. Мәселен, сіз қазақ тілінде қызмет алғыңыз келсе, сізге міндетті түрде қызмет көрсетілуі керек. Егер олай болмаса, тұтынушы ретінде арыз жазуға әркімнің де құқы бар.