Израильда болып жатқан жағдай әлемді шулатуда. Олар енді Газа секторындағы ХАМАС содырларының базаларына зымыран соққыларын тастауда. Цахал армиясының хабарлауынша штаб-пәтерлер, жаттығу лагерлері мен лаңкестердің қоймалары толық жойылды.

«Темір қылыштар» деп аталатын Израиль қорғаныс армиясының операциясы 7 қыркүйекте басталған болатын. Жағдай ХАМАС содырларының соғыс жариялағаннан кейін орын алды. Жүздеген израильдіктер қаза тауып, кейбірі тұтқындалды. Сонымен қатар, Газа секторынан мыңдаған зымырандар ұшырылды. Соның салдарынан Тель-Авив сынды қалаларда қирау мен адам өлімі ұлғайды. ХАМАС содырлары Израиль территориясына әртүрлі жолдармен үйлестірілген түрде еніп, ауқымды шабуылдар жасады. Жалпы, адам шығыны 700-ден асқан. Олардың арасында бейбіт тұрғындар мен ондаған полиция қызметкері бар. 2000-нан астам адам жарақат алды.

Сонымен қатар, Ирандықтар шабуылдаушы топқа операция дайындауына көмектесті деген қауесет те тарады. Себебі, қантөгіс басталғаннан кейін олар содырларды қолдайтынын мәлімдеген. Қазір Израиль ресми түрде соғыс жағдайында. Мәлімдемелерге сәйкес, жағдайды бейбіт жолмен шешу мүмкін емес. Енді бұл оқиға ХАМАС толығымен жойылғанға дейін жалғаспақ.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Израиль мен Газа секторындағы жағдай бойынша жабық отырыс өткізді. Қатысушылар бейбіт тұрғындарды қорғау және зорлық-зомбылықты тоқтату үшін не істеуге болатынын талқылады. Алайда, жалпы шешім қабылданған жоқ.

РОБЕРТ ВУД АҚШ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ЕЛШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Мен брифингте шынымен не талқыланғанын егжей-тегжейлі айтқым келмейді, бірақ ХАМАС шабуылдарын айыптаған елдер аз емес. Дегенмен, бәрі бірдей емес. Нақты кім екенін айтпаймын, бірақ сіз олардың біреуін өзіңіз болжай аласыз».

Бұған дейін Джо Байден Израильді қолдайтынын айтқан болатын. Осылайша, АҚШ Ынтымақтастық пен қолдаудың белгісі ретінде елдің жағалауына әскери кемелер мен ұшақтарды жіберді.