Солтүстік Қазақстан облысында туа бітті есту қабілетінен айырылған балалардың басын біріктірген ерекше би тобы бар. Әуенді құлақпен емес, жүрекпен сезінетін ансамбль еліміздің ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермендердің де қошеметіне бөленіп жүр.

Бишілердің құрамы Петропавлдағы облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған түзету мектеп-интернатының оқушылары мен түлектерінен тұрады. Өнер ұжымының алғыс арқалап жүргеніне аттай 18 жыл толған. Топтың алғашқы болып баспалдағын аттағандардың бірі – Евгений Кузьмин. Биші болсам деген арманының алғашқы сәттерінің қалай басталғаны жайлы айтып өтті.

ЕВГЕНИЙ КУЗЬМИН  БИ ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ: «Телеарнада қазіргі жетекшіміз Ольга Ростовщикованың балаларға би үйретіп жатқанын көрсетті. Сол сәтте өнеріне тәнті болдым. Жүрек түкпірінде мен де үйренсем деген ой болды. Кейін сәтін салғанда, ол кісі біздің мектепке жұмысқа келді. Бұл маған берілген үлкен мүмкіндік деп білдім. 2006 жылдан бері бишілер құрамындамын. Алдымен бал биін үйрендік. Кейін репертуарымыз үлкейді.  Өзіме халық билері ұнайды».

Петропавлдық бишілер 2022 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында гран-приді жеңіп алды. Калифорниядағы Анахайм қаласында өткен 25-ші дүниежүзілік чемпионатқа АҚШ, Ирландия, Франция, Аустралия, Тайланд, Канада, Германия елдерінің өнерпаздары қатысқан жобада топты жарып,  көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қазылардың жоғары бағасына ие болды. Би ансамблінің жетекшісі Ольга Ростовщикова. Айтуынша, құлағының мүкісі бар балалармен жұмыс істеу бастапқыда оңай болмаған.

ОЛЬГА РОСТОВЩИКОВА  «SENSITIVE» БИ ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Шәкірттерім көз алдымда өсті. 5-6 сыныпта келген оқушылар еді. Алғаш жұмысқа кіріскен жылы қатты қобалжыдым. Өзімді қалай ұстау керегінен, не айтып, қалай сөйлесу қажеттігінен хабарсыз болдым. Бірақ арамыздағы ерекше байланыстың арқасында, бір бірімізге тез үйренісіп кеттік. Әрине басқа би ұжымдарымен салыстырғанда бізде бәрі өзгеше. Байқауларда қойылатын негізгі талаптардың бірі – би ырғағын сезіну. Ал ырғақты сезіну үшін, алдымен музыканы қатты қойып дайындалатынбыз. Сонда бишілер әуеннің дірілін денесімен сезіне алады».

Қазір би театрының құрамында тәжірибелі және жаңадан бастаған 40-тан астам биші бар. Сондай-ақ, топта дирижёр қызметін атқаратын Яна Дружкова есімді  22 жастағы бойжеткен 14 жасынан бері топ құрамында.

ЯНА ДРУЖКОВА  БИ ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ «Ұжымдағы биші жарақаттанып, шұғыл түрде орнына адам керек болды. Топта бір пайыз еститін-сөйлейтін адам болуына рұқсат бар. Ал Италиядағы байқауға бір апта ғана қалған еді. Сондықтан мені шақырды. Жарыстан кейін бишілер құрамында қалдым. Балалар өте жақсы. Ишарат тілін де үйреніп алдым».

Бүгінгі таңда театр ұжымының қоржынында 40-қа жуық жүлде бар. АҚШ-тан бөлек, Болгария, Ресей, Италия, Испания, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері мемлекеттерінің сахнасында өнер көрсеткен бишілер актерлік шеберліктерін шыңдау үстінде. Жақында барлық мазмұны тек қана би арқылы берілетін пластикалық қойылымның тұсаукесерін көрермендер назарына ұсынбақ.