Елімізде үшінші рет ұйымдастырылған Қазақстан туралы үздік роман байқауының жеңімпазы өмір бойы ай сайын 500 доллар алып отырады.

Қазақстан туралы үздік роман байқауы биыл үшінші рет өтіп отыр. Аталмыш конкурсқа 40 роман ұсынылған. Оның 17-сі қазақ тілінде, 23-і орыс тілінде, бір туынды алыс шетелден түскен. Авторлардың арасында 10 кәсіби жазушы болды. Mecenat.kz байқауының жеңімпазы – «Өмір бәйтерегі» романын жазған белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжан.Туынды конкурста көпшіліктің даусымен үздік деп танылды.

СӘУЛЕ ДОСЖАН ЖАЗУШЫ:  «Ерекше әдеби байқауының жеңімпазы атанғаныма қуаныштымын. «Өмір бәйтерегі» романын жеті жыл бойы жаздым. Ұлттық кодымызды, қан тазалығын, әлемде қазақта ғана бар «жеті ата» шежіресінің дала төлқұжаты екенін дәлелдеп, жастарға түсіндіру үшін әр тарауды жеті қайтара оқып шықтым. Айта кетейін, бұл менің жетінші романым».

Әдеби сыйлықтың иегері енді өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алып отырады.

ӘЛІШЕР РАХАТ ЖОБА МҮШЕСІ:  «Мақсат – жазушыны жарылқау емес. Біріншіден,қазақ қоғамын кітап оқуға ынталандыру. Бұл шығарманың ерекшелігі әділ –  қазылар алқасы емес, қарапайым оқырман, қазақ халқы өз таңдауын жасайды.Жеңімпаз өмірбойы ай сайын 500 доллар алып отырады». 

Екінші орын алған «Көктегі көлеңке» романының авторы Темірлан Қылышбекке 500 000 теңге бір реттік сыйлық табысталды. Ұйымдастырушылар әдеби сыйлығының 4 маусымын ашық деп жариялап, келесі жылдың 15 наурызына дейін романдардың қолжазбасын қабылдау басталғанын хабарлады.