Жол төңірегінде айтар мәселе көп. Мәселен Ақмола облысының Ақкөл ауданына қарасты 4 елдімекенде жол салынбаған. Ондаған жыл бойы ауыл тұрғындары жолдың бойымен емес, көліктің ізімен жүріп келген. Ал, қар түскен бойда жол қатынасы тіптен қиындай түседі. Толығырақ тарқатып айтсақ
Аудандық маңызы бар Ерназар-Наумовка бағытындағы жол жергілікті көлік жүргізушілері үшін нағыз сынақ. Қашықтығы 28 шақырымға жуық автожолды жүріп өту үшін шамамен 1 сағат уақыттарын жоғалтады. Ал, ауа райы қолайсыз болса, жолдың ұзақтығы 2 есе артады,-деп тұрғындар назданып отыр. Жедел жәрдем қызметі де науқастарды көрші ауылға жеткізуде қиындық көреді. Жағдайы қыл үстіндегі науқастарды 6 сағат ішінде жеткізген күндері болған екен.
АЛЕКСАНДР ШПЕХТЕР НАУМОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жазда және көктемде жауын жаумаса жолға шығуға болады. Бірақ, қыста боранды күні жолға шығу мүмкін емес. Себебі, бұл жақта жол жиі жабылып қалады. Ал айдалада жолда қалсаң, көлігің тоқтаған жерде түнеп қаласың. Мұндай жағдайлар бір емес, бірнеше рет орын алған. Жолда қалған адамды құтқарып қалудың машақатын айтпай-ақ түсінетін шығарсыздар».
ӘЙГЕРІМ ОСПАНОВА НАУМОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жыл сайын құрғақ уәдемен шығарып салады. Аудан әкімі жолды жөндеуге 800 млн.теңге бөлінгенін айтқан. Мұны барлық тұрғын естіді. Бірақ, көріп тұрғандарыңыздай ешқандай өзгеріс жоқ».
Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, жолды грейдерлеу жаз мезгілінде 3 рет жүргізіледі. Автожолдың 8 шақырымын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама 2021 жылы жасалған. Оның құны 987 млн.теңге.
ВЛАДИМИР МАЦЕВИЧ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ АҚКӨЛ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «2021жылдан бастап, күні бүгінге дейін осы мәселені әкімшіліктің алдында көтеріп келеміз. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім бердік. Дегенмен, бұл жобаны игеру үшін қаражат бөлінген жоқ. Жергілікті қазынадан тек грейдерлеуге ғана ақша бөлінеді. Сонымен бірге қысқы уақытта жолды күтіп-баптауға».
Бұл мәселе келер жылы облыстық бюджетті бекіту кезінде қаралады деп жоспарланған. Облыстық автомобиль жолдары басқармасының мамандары осылай деп сендірді. Ал әзірге ауыл тұрғындары жол азабын әлі де тарта тұруға мәжбүр.