Ақтауда ауыз судан тарыққан жұрт көшені жапты. Қозғалысы тежелген 16 және 19-шы ықшамаудан арасындағы күре жолда осылайша ұзынсонар кептеліс пайда болған. Ашынған халықтың ашуын басу үшін жергілікті билік бірден әрекетке көшкен. Толығырақ келесі бейнематериалда.
Ақтауда тағы да су мәселесі дауға ұласты. Аптап ыстықта шөлден кепкен жұрт шыдамның да шегі бар деді ме, бүтін бір көшені жауып тастады.
Нешінші ғасырда тұрып жатырмыз? Су болу керек қой. Мынау масқара ғой.
Су жоқ неше күннен бері. Су жетпесе барлық мкр тегіс жапсын. Бір күн экономды общий жасасын! Егер керек болатын болса, ту төбесіне шығып та айқайлаймын!
Мұндағы аудандарға үш күн бұрын ауыз су арнайы кестемен келіп тұрған. Соңғы уақытта “тамшы суға зар болдық” дейді көпшілік. Тіршілік нәрі тіптен келмей қалған көрінеді. Ындыны кепкен жұрт ызалы. Десе де кездесуге келген жергілікті әкімдіктің басқарма басшысы халыққа жағдайдың мән жайын түсіндірді. Айтуынша Ақтауға қарасты барлық өндірістік нысандар мен суға тәуелді шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысына шектеу қойылған. Енді су беретін МАЭК кәсіпорыны “үнемдеу” режиміне көшіпті.
ӘБДЕШ ТҮРКМЕНБАЕВ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ Жанағы айтып отырғаным МАЭКтің өнімділігі түсіп кетуіне байланысты. Мен табиғатқа ештеңе жасай алмаймын. Мына жерде уәде беріп, сіздерді алдағым келмейді. Күн ысып кетуіне байланысты, судың температурасы ономальный 28 градус болса, қазір 26 градуспен тұр. Сіздерде түсініңіздер. Біз экономический режимге көшіреміз. Басқа амалымыз жоқ.
Даудың соңында МАЭК мекемесінің өкілі таңғы сағат 08:00-де үйге су жіберетінін айтты. Ал оған дейін көпшілікке тасымалмен су ұйымдастырылды. Айта кетейік, қазір облыстағы су тапшылығы - шамамен 40 мың м3. Соның ішінде Ақтау қаласына тәулігіне 20-25 мың м3 ауыз су жетпейді.