Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстан Үкіметінің қолдауымен «Әйелдер микробизнесте» оқыту бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдауды бастады. Бұл жоба өз бизнесін дамытуға ұмтылатын және әртүрлі әлеуметтік немесе экономикалық кедергілерге тап болатын кәсіпкерлер үшін арнайы жасалған.
Ресми деректерге сүйенер болсақ, Қазақстандағы шағын және орта бизнес секторындағы кәсіпорындардың 49% -ын әйелдер басқарады. Алайда, орта және ірі бизнесте олардың үлесі айтарлықтай төмен - сәйкесінше 36% және 19%. «Әйелдер микробизнесте» оқыту бағдарламасы арқылы қыз -келіншектер бизнес саласында білімін жетілдіріп, кәсібін дамытуға машықтанады.
АЛМА ҚАСЫМОВА ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҚДБ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Оқыту қазақ және орыс тілдерінде онлайн-форматта 5 ай бойы өтеді. Қатысушылар оқуды кез келген уақытта бағдарлама аясында бастай алады. Курс бизнестің негізгі аспектілерін қамтитын 6 модульден тұрады: маркетинг, сату, қаржы, жеке басқару, операциялық басқару, стратегия, автоматтандыру және жасанды интеллект».
Аталмыш бағдарлама Қазақстанда үшінші рет өткізіліп жатыр. Алдыңғы жобалар 1500-ге жуық кәсіпкер әйелге өз дағдыларын нығайтуға және бизнестерін жақсартуға мүмкіндік берді. Жобаны «Диалог» тренинг және консалтинг компаниясы жүзеге асырады.
МАХАББАТ КАБИРАЕВА ЕҚДБ ӨКІЛІ:«Шағын және орта бизнеспен айналысатын қазақстандық әйелдердің білімін жетілдірі үшін Үкіметтен 2015-2025 жылға 16,9 млн доллар бөлінді. Бұл жұмыс істеп тұрған кіші бизнестегі қыз- келіншектерге арналған оқу бағдарламасы. Өйткені, кейбір кәсіпкер әйелдер белгілі бір ресурстардың шектелуіне байланысты».