Фермелерге берілетін субсидия келесі жылдан бастап алынып тасталады. Оның орнына жеңілдетілген, арзан пайызбен несие беріледі. Әзірге оның пайызы 5 процент көлемінде болады деген жоспар бар. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен комитет отырысында айтылды. Депутаттар болса, елімізде шаруаларға қолайлы жағдай жасалып отырған жоқ дейді. Егер бұлай жалғаса беретін болса, шаруалар хәлі мүлдем құрдымға кетеді. Қазірдің өзінде ахуал күрделі. Шарулар дайын өнімдерін сата алмай отыр деген мәжілісмендер үкімет пен жауапты министрден мәселені оң шешуді сұрады.
ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бұл азаматтардың барлығы нан жейді ғой айналайындар-ау? Үкімет бір үкімет емес па? Серік Мақашұлы сіздің құзырыңызда ғой, бұлардың барлығын шақырып алып, уақытылы орындалу керек қой. Мәселен, қазір 194 млрд теңгенің өзі келесі жылға қалып қояйын деп тұр. Былтыр да осындай әңгіме болған. Қараша айының соңына дейін бір жағына шығарыңыздаршы. Олар дайын өнімді өткізе алмай жатыр. Қазір қарасақ, сіздердің барлықтарыңыздың жағдайларыңыз жақсы. Теміржол жақсы, Бәйтерек жақсы, АКК жақсы. Қалай жақсы болады сіздерге? Егер, мына фермерге жақсы болмайтын болса, онда сіздерге мүлдем жаман болады. Сіздердің мекемелеріңіз жабылып қалады. Егер фермер дән егіп, мал бақпайтын болса, сіздердің мекемелеріңіз жабылып қалады. Сондықтан, неге осыған дұрыс, оң көзқараспен қарамайсыздар? Басы ауырмаған жанның құдаймен ісі жоқ деген әңгіме бар. Осыларды бір шақырып алып, жөнге салу керек. Құрметті, Серік Мақашұлы бұл сіздің құзіретіңіздегі әңгіме ғой».
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Келесі жылдан бастап біздер қаржылық субсидия бермейміз. Кеше Президент тапсырма берді 5 пайыздан астам болмасын деп ферлерге беретін несие. Ертең Үкімет отырысында қаралады. Фермерлер қабылданады. Нақты жоспар бар бізде».
Айтпақшы, мәжіліс отырысынан соң, ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, ел арасында «қойшы» атауымен танымал Алмасбек Садырбайдың ұсталуы туралы пікір білдірді. Өз кезегінде ол, министрліктің бұған ешқандай қатысы жоғын айтты. Айта кетсек, қаржы мониторинг агенттігі Алмасбек Садырбайды "аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады" деген күдікпен үйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын. Ол өзі басқаратын адамдар тобымен 1,2 млрд теңгені жымқырды. Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында “жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды” деген күдікке ілінген еді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.